Сән-салтанаты жарасқан: сәулет тұрғысынан әлемдегі ең үздік әуежай анықталды

Бүгін, 18:50 / Ербұлан Қайрат
сурет: SFO

Коммерциялық нысандардың сәулеті мен дизайнын бағалайтын халықаралық Prix Versailles сыйлығы 2025 жылғы жеңімпаздарын жариялады. Биыл байқау аясында әлемнің әр түкпіріндегі әуежай терминалдары сарапқа салынды. Бас жүлде АҚШ-тағы Сан-Франциско халықаралық әуежайына берілді. Нақтырақ айтқанда, 2024 жылдың маусымында ашылған 1-терминал ең үздік деп танылды. Бұл туралы Fox News хабарлады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Harvey Milk атындағы терминал кең әрі жарық кеңістігімен, экологиялық шешімдерімен және заманауи дизайнымен ерекшеленген. Reddit қолданушылары да әуежайды тазалығы мен эстетикалық келбеті үшін жоғары бағалап, кейбірі оны «өмірінде көрген ең жақсы әуежай» деп атаған.

Сан-Франциско әуежайының директоры Майк Накорнкет марапатқа байланысты пікір білдіріп, бұл жетістікті үлкен құрмет деп бағалады. Оның айтуынша, жаңа терминал адамдарға жайлы орта қалыптастыруды және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды басты мақсат етіп жобаланған.

Қазылар алқасы сонымен қатар бірнеше әуежайды арнайы атап өтті. Атап айтқанда:

– Қытайдағы Yantai Penglai халықаралық әуежайының 2-терминалы;

– Францияның Реюньон аралындағы Roland Garros әуежайының келу терминалы;

– Жапонияның Осака қаласындағы Kansai халықаралық әуежайының 1-терминалы.

Арнайы жүлде Францияның Мариньян қаласындағы Marseille Provence әуежайына берілді. Оның 1-терминалы интерьер дизайны үшін жоғары бағаланған. Сондай-ақ АҚШ-тың Орегон штатындағы Портленд халықаралық әуежайының бас терминалы да Prix Versailles лауреаттары қатарына енді.

Тэгтер:

Әуежай ең үздік сәулет