Алматы облысының көпбейінді клиникалық ауруханасында көп ағзалық донорлық процесі жүргізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Дәрігерлік консилиумның қорытындысына сәйкес, 1979 жылы туған пациентке қатысты медициналық және заңнамада көзделген барлық рәсімдер орындалған. Түсіндірме әңгімеден кейін марқұмның туыстары қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім беру туралы шешім қабылдады.
Донорлықтың барлық кезеңдерін ұйымдастыру мен үйлестіруді Трансплантаттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталық қамтамасыз етті. Процесс барысында екі бүйрек, жүрек, бауыр және мөлдір қабық алынды.
Алынған донорлық ағзалар бейінді медициналық ұйымдарға жедел жеткізілді. Жүрек, бауыр, бүйрек және мөлдір қабықты трансплантаттау оталары сәтті аяқталды. Медициналық көмек бірнеше пациентке, оның ішінде республикалық күту парағында тұрған балаға көрсетілді.
Денсаулық сақтау министрлігі марқұмның туыстарына көрсеткен батылдығы мен өзге адамдардың өмірін сақтап қалуға қосқан үлесі үшін шын жүректен алғыс білдірді.
2025 жылдың соңындағы жағдай бойынша Қазақстанда трансплантацияны күту парағында 4 506 пациент тіркелген, олардың 123-і — балалар. Күту парағында тұрғандардың 90 пайыздан астамы бүйрек трансплантациясына мұқтаж.