Інісі комада жатқанда ағасы жерін сатып жіберген: Сот үкім шығарды

Бүгін, 09:01 / Алуа Арман
istockphoto.com

Жамбыл облысының тұрғыны 2021 жылы ауруханаға түсіп, ауыр жағдайда жатып қалған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оның меншігінде қора-жайлар, шопан үйі және жер учаскесі болған, онда ол әйелімен бірге тұрып, мал шаруашылығымен айналысқан.

Ауруханада жатқан кезінде ағасы заңды өкілеттігі болмаса да, учаскені ЖШС жарғылық капиталына беру туралы келісім жасаған. Кейіннен шаруа қожалығы атынан сатып алу-сату шарты ресімделіп, содан кейін ЖШС таратылған.

Сотта талап қоюшының өкілі талап қоюшы шарт жасалған кезде ауруханада комада болғанын және физикалық түрде ешкімге сенімхат бере алмайтынын түсіндірді.

Жауапкер талап қоюды мойындамай, бұл мүлікті жауапкер заңды түрде және талап қоюшының ағасына берілген сенімхаты бойынша сатып алғанына сілтеме жасады.

Сот мәмілелер талап қоюшының келісімінсіз жасалғанын және ерік бостандығы қағидатын бұзғанын анықтады. Шарттарда талап қоюшының қолдары болмаған және ол ешкімге сенімхат бермеген.

Нәтижесінде сот беру шарты мен сатып алу-сату шартын жарамсыз деп таныды;  жауапкерді үй-жайды босатып, учаскені қайтаруға міндеттеді; жауапкерден өкілге 500 мың теңге және мемлекеттік баж шығыстарын өндіріп алды.

Шешім заңды күшіне енді.

Тэгтер:

Сот Жамбыл облысы аға үкім жер телімі учаске іні