Шымкентте 35 млн теңгеден астам соманың контрафактілік өнімі анықталды

Бүгін, 05:05 / Нұрлан Әлинұр

Шымкентте контрафактілік өнімдер саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда айтарлықтай өскен. 

Қалалық әділет департаментінің басшысы Айнұр Исабекованың айтуынша, 2025 жылы Шымкентте тауар таңбаларын заңсыз пайдалануға қатысты құқық иелерінің арыздары негізінде тексеру жүргізіліп, 50 әкімшілік іс қозғалған. Сот шешімімен кінәлі тұлғаларға 5 млн 600 мың теңгеден аса көлемде айыппұл салынды.

— Өткен жылы қалада заңсыз айналымнан жалпы құны 35 943 862 теңге көлеміндегі 58 062 дана контрафактілік өнім алынып тасталды. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылдармен салыстырғанда едәуір артқан. Жалған тауарлардың басым бөлігі тұрмыстық химия мен тағам өнімдері санатына жатады. Осыған байланысты тұтынушыларды күнделікті қолданатын тауарларды сатып алу кезінде аса мұқият болуға шақырамыз, — деді ол.

Оның сөзінше, биылғы өзгерістер аясында кәсіпкерлерді қолдау мақсатында тауар белгісін тіркеу тәртібі жеңілдетілген. Бұрын 7 айға дейін созылатын тіркеу мерзімі енді ақылы жедел қызмет арқылы 4 айға дейін қысқартылды. Ал тауар белгісіне қатысты шағым беру уақыты 1 айдан 2 айға ұзартылды