Жалған ақпаратқа қарсы күрес жөніндегі орталық өкілдері аулалар мен саябақтарда иесіз жүрген жануарларды қоректендіріп, құстарға жем шашқан қазақстандықтарға айыппұл салынатыны туралы желідегі хабарламаға қатысты пікір білдірді.
Орталықтың хабарлауынша, аулаларда және саябақтарда құстарды, тиіндерді, қаңғыбас иттер мен мысықтарға жем беретін тұрғындар әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны туралы желідегі ақпарат жалған. Сондай-ақ сол хабарламада айтылған көршілердің "полицияға шағымдана алатыны"және содан кейін азаматтарға айыппұл салынатыны да шындыққа сәйкес келмейді.
Осыған байланысты ІІМ Әкімшілік полиция комитеті түсінік берді.
"Қазақстан заңнамасында иесіз жануарларды тамақтандыру фактісі үшін әкімшілік жауапкершілік көзделмеген. Таратылып жатқан ақпаратта құқықтық ұғымдардың мәні әдейі ауыстырылған. Әкімшілік жауапкершілік тамақтандыру әрекетінің өзі үшін емес, тек нақты іс-әрекеттердің салдары болған жағдайда туындауы мүмкін", - дейді орталық мамандары.
Атап айтқанда:
тамақтандырғаннан кейін тағам қалдықтары қалса;
аулалар, саябақтар, скверлер және өзге де ортақ пайдаланылатын орындар ластанса;
азамат іс жүзінде рұқсат етілмеген қоқыс тастаса
Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 432-2-бабы бойынша шара қолданылады және 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға немесе 40 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға әкеп соғады. Қайтадан құқық бұзушылық жасалған жағдайда 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе 80 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту көзделген.
Осыған байланысты орталық өкілдері азаматтарды құқық нормаларын бұрмалайтын ақпаратты таратпауға, эмоционалды пікірлерге ермеуге және тек қолданыстағы заңнама мен уәкілетті мемлекеттік органдардың ресми түсіндірмелері негізінде қорытынды жасауға шақырады.