Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Алматыға жұмыс сапары барысында қаланың энергетикалық тораптарын газға көшіру жөніндегі стратегиялық жобалардың жүзеге асырылу барысын тексерді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ведомство басшысы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 құрылыс алаңдарын аралап шықты. Нысандарды аралау барысында Ерлан Ақкенженов мегаполис үшін жылу электр стансаларын газға көшірудің әлеуметтік маңызын атап өтті.
«Алматы қаласында экологиялық жағдай күрделі. Жылу электр стансаларын газға көшіру — Мемлекет басшысының тапсырмасы және халық алдындағы міндетіміз. Бұл мәселеде қателесуге жол жоқ», — деді Энергетика министрі мердігерлерге арнаған сөзінде.
ЖЭО-2 нысанын аралау барысында оң динамика байқалды. Мердігер ұйымның өкілдері 2 және 3 нөмірлі ыстық су қазандықтарының гидравликалық сынақтардан сәтті өткенін хабарлап, жұмыс кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Алайда ЖЭО-3 құрылыс алаңындағы жағдайды ведомство басшысы қатаң сынға алды. Министр жобаның бекітілген кестеден кеш жүргізіліп жатқандығын алға тартып, бас мердігер ұйымның жұмысты жүйелі ұйымдастыра алмағанын атап өтті.
Құрылыс компанияларының басшылары мен өкілдеріне Ерлан Ақкенженов ресурстарды шұғыл жұмылдыруды талап етіп, мердігерлердің жеке жауапкершілігін нақтылады.
Аталған жобаның жүзеге асырылуы Энергетика министрлігінің тұрақты бақылауына алынып, жауапты тұлғаларға апталық есеп беру міндеттелді.