Қарт адамдардың зат алмасуын жақсартатын қарапайым әдет

Бүгін, 19:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Ультраөңделген тағамдардан бас тарту егде жастағы адамдардың зат алмасуын айтарлықтай жақсартуы мүмкін. Мұндай қорытындыға америкалық зерттеушілер келді. Бұл туралы The Conversation порталы жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ғалымдардың айтуынша, егде адамдар күнделікті рационын түбегейлі өзгертпей-ақ, дайын әрі қатты өңделген өнімдердің үлесін азайтса жеткілікті. Нәтижесінде тәбетке, салмаққа және метаболизмге қатысты көрсеткіштер жақсарады.

Ультраөңделген тағамдарға өндірістік жолмен жасалатын, үй жағдайында сирек қолданылатын қоспалары бар өнімдер жатады: дайын тағамдар, қапталған снектер, шұжықтар, соустар, түрлі дәм күшейткіштері мен консерванттары бар азық-түлік. АҚШ-та мұндай өнімдер орташа адамның тәуліктік калориясының жартысынан көбін құрайды және семіздік, диабет, жүрек-қан тамыр ауруларымен байланыстырылады.

Зерттеуге 65 жастан асқан 43 америкалық қатысқан. Олардың көпшілігінде артық салмақ, инсулинге төзімділік немесе холестерин деңгейінің жоғары болуы сияқты қауіп факторлары болған. Қатысушылар кезекпен екі түрлі диетаны ұстанды, бірі майы аз етке негізделсе, екіншісі сүт өнімдері мен жұмыртқасы бар вегетариандық рацион болды.

Әр диета сегіз аптаға созылды, ал олардың арасындағы екі аптада қатысушылар әдеттегі тамақтануына қайта оралды. Екі жағдайда да ультраөңделген тағамдардың үлесі жалпы калорияның 15%-ынан аспаған. Қатысушыларға әдейі арықтау, калорияны азайту немесе физикалық белсенділікті өзгерту міндеті қойылмаған.

Нәтижесінде зерттеушілер күтпеген әсерді байқады: адамдар өздігінен аз жей бастаған, салмақ тастаған және ішкі май көлемі азайған. Сонымен қатар инсулинге сезімталдық артқан, холестерин көрсеткіштері жақсарған, қабыну белгілері төмендеген. Бұл өзгерістер етті де, вегетариандық диетада да бірдей байқалған.

Авторлар басты рөлді нақты диета емес, дәл ультраөңделген өнімдерді азайту атқарғанын атап өтеді. Ғалымдардың айтуынша, бұл – егде жастағы адамдар үшін күнделікті өмірге оңай бейімделетін әрі денсаулыққа нақты пайда әкелетін тәсіл.

Тэгтер:

қарт әдет зат алмасу