Қазақ КСР Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың қарындасы, белгілі ғалым-биолог Рауза Қонаева 92 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қаралы хабарды Д.А. Қонаев атындағы Халықаралық қор жеткізді.
Рауза Меңліахмедқызы Қонаева 1934 жылғы 10 сәуірде Алматы облысы Шілік ауылында дүниеге келген. Ол Меңліахмед пен Зәуре Қонаевтардың балаларындағы он бірінші, яғни кенже перзенті.
Рауза мен ата-анасының үлкен балалары арасындағы жас айырмашылығы едәуір болған. Мәселен, үлкен әпкесі Әмина одан 27 жас үлкен, ал Рауза Меңліахмедқызынан бұрын туған Асқар Меңліахмедұлы одан 5 жасқа үлкен.
Рауза Меңліахмедқызы кеңестік Алматы қаласындағы №28, №10 және №36 мектептерде білім алған.
1952 жылы ол М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің биология-топырақтану факультетіне оқуға түсіп, 1956 жылы оқуын сәтті аяқтаған.
1957–2016 жылдар аралығында Қазақстан Ғылым академиясы жүйесінде, атап айтқанда екі ғылыми институтта еңбек етті: Биохимия институтында (1957–1983 жж.) және Молекулалық биология және биохимия институтында (1983–2016 жж.).
Рауза Меңліахмедқызы — еңбектері Қазақстаннан тыс елдерге де кеңінен танымал, биология ғылымы саласындағы ірі қазақстандық ғалым. Оны жоғары зиялылық, қарапайымдылық, адамдарға деген жолдастық қарым-қатынас, ізгі ниет және тыңдай білу қасиеттері ерекшелейді. Рауза Меңліахмедқызы республикадағы көрнекті заңгер Мұрат Баймахановтың жұбайы болған.
Рауза Меңліахмедқызы Қонаева мен Мұрат Тәжі-Мұратұлы Баймахановтың қызы әке жолын қуған.
Баймаханова Дина Мұратқызы — заң ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры.