Өртеңдегі өнер: Иран киносының аңызы

Бүгін, 15:00 / Túrkіstan International Political Weekly
gazeteoksijen.com

2010 жылы кинорежиссер Жафар Панахиға «үкіметке қарсы насихат жүргізу», «2009 жылғы Президент сайлауының нәтижесіне қарсы акцияға қатысу» және «рұқсатсыз фильм түсіру» (Иранда барлық фильм өндірісіне Мәдениет және ислам бағдары министрлігінің лицензиясы қажет. Панахи бұл ережені бұзған) айыптары тағылып, Тегеран соты оны 6 жылға бас бостандығынан айырды. Оған алдағы 20 жылда фильм түсіруге, ел аумағынан шығуға және сұхбат беруге тыйым салды. Сол жылғы Канн кинофестивалінің қазылар алқасына мүше болуға шақырылған Панахи Тегеранда қамауға алынды.

Осы оқиғадан кейін Канн, Ве­не­ция, Берлин кинофестивальдері, Еуро­па киноакадемиясы мен ПЕН-клуб Иран билігін Панахиды босатуға ша­қыр­ды. Мартин Скорсези, Кен Лоуч, Сти­вен Спилберг, Коста-Гаврас, Вим Вен­дерс секілді режиссерлер Иран үкі­метіне ашық хат жазды. Канн фес­ти­ва­лін ұйымдастырушы қазылар алқа­сы­ның үстелінде Панахиға жеке орын бе­ріп, бос орындық, аты жазылған тақ­­­­­тайша қой­ды. Әлемде Жафардың бос тұрған орны сая­си манифест ретінде қабылданды. Ал фестиваль президенті Жиль Жакоб: «Бұл бос орын – тек бір ғана режиссердің емес, әлемдегі барлық суреткердің шы­ғар­машылық еркіндік жолындағы күре­сінің белгісі» деп мәлімдеді. Бұл көрініс кейін­нен әлемдік БАҚ-та «Еркіндіктің бос орны» (The Empty Chair of Freedom) деп аталып кетті. Панахиға арналған бос орын Канн тарихындағы ең поэ­ти­калық және саяси сәттердің бірі болды. Өз елінде қуғын көрген режиссерлерге ар­налған «бос орын» дәстүрі өз жалға­сын тауып келеді. 
Осындай халықаралық қысымдар­дан кейін Иран билігі Панахиға шы­ғарыл­­ған ресми үкімді жартылай орын­дап, оны үйқамаққа ауыстырады. Бір жыл­дан кейін, 2011 жылы бүкіл әлемді дүр сілкіндірген оқиға болды. Канн фес­ти­валінде Панахидың «Бұл фильм емес» (This Is Not a Film) деп аталатын туын­ды­сы көрермен назарына ұсынылды. Ре­жиссер фильмді өз үйінде ұялы теле­фо­ны мен шағын камерасына түсіріп, флеш­каға жазып, тортқа жасырып Фран­цияға жеткізеді. Аталған туынды камера алдындағы адамның өз еркіндігі туралы толғанысы, өнер мен саясат ара­сындағы шекараның жойылғанын мә­лімдейтін философиялық манифест бол­ды. Фильмде Панахи өзіне салынған тыйымдарға қарамастан кинематогра­фист танысы Можтаба Миртахмасбаны өз пәтеріне шақырып алады. Панахи ка­мера алдында өзінің түсірілмей қал­ған фильмінің сценарийін оқып, кейбір кө­ріністерді пәтер ішінде ойнап, түсін­діре­ді. Миртахмасба осының бәрін ка­мера­ға түсіріп жүреді. Фильмде Панахи өзінің «Айна», «Шеңбер», «Қан түстес ал­­тын» фильмдерінен үзінді кадрлар көр­сетеді. Туындыларының артық­шы­лығы мен кемшілігі туралы сөз етеді. Фи­льм соңында көшедегі Жаңа жыл – Наурыз мейрамының отшашу шеруіне куә боласыз. Бұл отшашу ежелгі зо­роастр дәстүрінен қалған көне от мерекесі. Ол халық арасында жамандықтан арылу мен тазалыққа бет бұрудың белгісі ре­тінде тойланып, еркіндік пен қуаныш­тың хабаршысына айналады. Фильмдегі отшашу қоршаудың сыртынан көмескі түрде көрініп барып жоқ болады. Үміт сәу­лесі әрқашан қараңғылықтың арғы жа­ғынан елес беріп, болашаққа қатқыл үн қатады...
Панахиға салынған тыйым үнсіз­дік­­тің емес, керісінше, шығар­ма­шы­лық қарсылықтың жаңа фор­ма­сына айналды. Бүгінге дейін режиссердің «Ақ шар» (1995), «Айна» (1997), «Шең­бер» (2000), «Қан түстес алтын» (2003), «Оф­сайд» (2006), «Жабық перде» (2013), «Так­си» (2015), «Үш жүз» (2018), «Аюлар жоқ» (2022) секілді фильмдері жарыққа шық­ты. 1995 жылы алғашқы толық­мет­раж­ды «Ақ шар» фильмін тағы бір таң­­ға­жайып режиссер Аббас Киораста­ми­дің сценарийі бойынша түсіріп, Канн ки­нофестивалінде «Алтын камера» жүл­де­сін жеңіп алады. Осыдан кейін Пана­хи­дың есімі әлемге кеңінен тарай бастады. Фи­льмде кішкентай қыз Разие Наурыз мей­рамына орай алтын балық сатып ал­ғысы келеді. Алайда анасы берген ақ­ша­ны жоғалтып алады. Разие сол ақ­ша­ны табу үшін қала көшелерін аралап, түр­лі адамдармен кездеседі. Оны біреу­лер алдамақ та болады. Фильмнің басты тақырыбы – баланың аңғалдығы мен үлкен­дердің қатыгез әрі немқұрайлы әле­мінің қақтығысы. Режиссер кіш­кен­тай қыздың көзімен қоғамдағы кедейлік пен байлықты, сенім мен алдауды, мейі­рім мен қаталдықты көрсетеді. Бұл – «кіш­кентай адамдардың» «Одиссеясы». Олар­дың кеудесіндегі үзілмеген үміт сәу­ле­сінің қатал да қатқыл қоғамның тас қабырғалары ішінен жарық шашуы... Фи­льмдегі кішкентай Разиенің рөлін сом­даған қыз әлемдік кино тари­хын­дағы ең шынайы бала кейіпкерлердің бірі болып қалды. 
Ал «Айна» (1997) фильмінде режис­сер Иран киномотографиясында кеңі­нен таралған псевдодокументал жан­рын­да эксперимент шешімдерге барады. Фильм басында кәдімгі реалис­тік драма бар: бірінші сыныпта оқитын Минаны анасы мектептен алып кетуге келмей қа­лады. Содан соң кішкентай қыз өз бе­тінше үйге қайтпақ болып адасып ке­теді. Автобусқа міне алмай жолда кез­дескен ересектерден көмек сұраумен болады. Көрермен кішкентай қыздың көзімен Тегеран көшелеріндегі күн­де­лікті қым-қуыт тіршілікке, қала тұр­ғын­дарының өміріне куә болады. Бірақ фи­льм­нің дәл ортасына келген сәтте күт­­пеген нәрсеге куә боласыз: қыз кенет ка­мераға қарап «мен бұдан ары ойна­ғым келмейді» дейді де, кетіп қа­ла­ды. Сол сәттен бастап фильм «фи­льм» болудан қалып, деректі ки­ноға ай­налғандай әсер береді. Әрі қарай экран алдындағы көрер­мен әлі де кішкентай қыздың үйіне қай­тар жолды іздеп жүргенін көреді. Бірақ бұл жолы камера арқылы фильм­дегі Ми­на емес, шынайы өмірдегі Ми­наның өмі­рін тамашалайсыз. Бұл жерде ре­жис­сер көрерменге келесідей сауал тас­тайды: «Біз экраннан көріп отырға­ны­мыз шын өмір ме, әлде режиссер жа­са­ған иллюзия ма?». «Айна» – фильм­нің өзін айна секілді көрсететін фильм. Ол «сен көріп отырған шындық та – ре­жис­сер­дің таңдауы» деген ой тастайды. Экран – өмірдің көшірмесі емес, оны қа­лай көргіміз келетінін көрсететін бей­­не. Панахи өзінің сұхбаттарының бірін­­де аталған туындысы арқылы шы­найы­­лық пен қиялдың қалай астасып кете­тінін көрсеткісі келгенін айтады. 


«Айна» фильмі Венеция кинофес­ти­ва­лінде «Алтын арыстан» жүлдесін ал­ған соң Жафар Панахиды әлемдік арт­хаус режиссері ретінде танытып қана қой­­­­май, кейінгі Иран киносына да қат­­­ты әсер етті.
Режиссердің 2000 жылы жарыққа шыққан «Шеңбер» атты туын­ды­сы Иран қоғамындағы әйелдердің ауыр жағдайын суреттейді. Фильмде басты кейіпкер жоқ, ол әйелдердің күнделікті өмірі­нен алынған шағын оқиғаларға құрыл­ған. Барлық хикаялар бір-бірімен ұсақ-түйек детальдар арқылы ғана бай­ла­нысып, бірінен соң бірі жалғасып отырады. Осылайша, фильм сюжетінде тұйық шеңбер құралады, яғни фильмнің ба­сындағы оқиға оның соңындағы оқи­ғадан соң өтеді. «Шеңбер» фильмі Ве­не­ция фестивалінің бас жүлдесін ие­лен­ген­нен кейін ел аумағында көрсетуге тыйым салынды.
Ирандағы әйелдер тақырыбы су­рет­кердің кезекті «Офсайд» фи­ль­мінің де өзегі. Өнердің саяси сал­мағына басымдық беретін Берлин ки­но­фестивалінде әділ қазылардың грани-при жүлдесін алған аталған туындыда футбол матчына қатыса алмай қалған жа­сөспірім қыздардың оқиғасы баян­да­ла­ды: Иранда әйелдерге ерлер футбол жа­рысын көру үшін стадионға кіруге тыйым салынған. Алайда бұл тыйым жас жанкүйер қыздардың стадионға кіру­ге деген талпыныстарына тоқтау бо­ла алмаған. Бірнеше қыз Иран мен Бах­рейн құрамалары арасындағы матч­ты көру үшін стадионға жасырын кір­мек болады. Олар ер адамның киімін киіп, діттегендеріне жетуге оқталады. Өкі­нішке қарай, олардың бәрі мақ­сатына жете алмайды. Ұсталып қал­ған бес қызды солдаттар матч бойы темір қор­шауда қамап ұстайды. Қыздар алаң­нан шыққан дауыстардан ойын қалай өтіп жатқанын топшылайды. Ал ойын аяқталған соң оларды жезөкшелікке қа­тысты істермен айналысатын поли­ция бөліміне апармақ болады. Матч аяқталып, Иран құрамасы Бахрейнді 1:0 есебімен жеңген хабар естіледі. Сыртта Иран халқы жаппай қуанып, жеңісті тойлай бастайды. Көшелерде көлік қоз­ғалысы қиындап, ақыры қыздарды апара жатқан автобус тоқтауға мәжбүр бо­лады. Қуаныш толқыны автобус ішіне де жетеді: алдымен ішке наубайшы кіріп, жолаушыларға нан-тоқаш таратады. Кейін қалың жұрт солдаттарды авто­бус­тан сүйреп шығарып, бірге билеуге мүж­бүр етеді. Осы абыр-сабырда қыздар қа­шып шығып, тойлап жатқан халық­тың арасына сіңіп кете барады.


Панахидың әңгіме басында айтқан аты шулы үкімге дейін түсірген соңғы то­лықметражды фильмі «Офсайд» оның камера арқылы жеткізген ең бір әсерлі әрі мұңды иллюзиясы болды, және со­лай болып қала бермек.
«Стадионда кім болса да бәрібір, бә­ріне бірдей қарғыс жаудыруға болады жә­не онда ешкімнің шаруасы жоқ». 
Бұл – фильмнен алынған сөз. Сондағы «олардың бар кінәсі – Иранда туғаны». Бұл да фильмдегі кейіпкердің аузымен айтылады. Иә, өзіне дейінгі өркениет­тер­мен салыстырғанда теңдессіз жетіс­тік­терге жеткені мен адамзат ақыл-ойы­ның кемел кезеңінде қалыптасқан қо­ғам­дық құрылымына қарамастан ХХІ ғасыр әлі де қатаң режимдерге толы. Бәл­кім, мұның бәрін Қабылдың Абылды өлтір­ген сәтінен бастап адам санасында ұяла­ған жауыздықтың жер бетінде мәң­гі­лік екеніне иек артып ақтап алуымызға да болар. Десек те, ізгілік пен адамзаттың игілігі жолындағы күрес пен оған деген сенім ешқашан жойылмауға тиіс. Күрес пен сенімнің өнер тілінде сөйлеуі – заңдылық. Әрқашан солай болып келеді, бола берері де – хақ. Өнердің атқаратын қызметі көп. Жарылыс пен жетімдер үні әуелеген әлемде бейбітшілік қанатын кең жаюы үшін өнер қызмет етіп келеді. Еркіндік сыртындағы құрсаулар жайлы сол құрсаудағы өнерден артық ештеңе де айтып бере алмайды, һәм оларды сол құрсаудағы өнерден басқа ештеңе де ше­ше алмайды.
Бұл тек Панахидың ғана емес, Иран­дағы, одан қалды әлі де аза­мат­тық құн­дылықтар мен ортақ ізгілік идеялары орнай қоймаған елдердегі көп­теген сурет­кердің басындағы жағ­дай. Қалай де­сек те, шынайы өнер түп­тің түбінде жеңіп шығарына кәміл се­не­мін...

P.S. 2025 жылы 78-Канн кинофестивалінде «Алтын пальма бұтағын» иран режиссері Жафар Панахидың «Жай ғана кездейсоқтық» фильмі жеңіп алды. Фильм кіріспесінде былай деп жазылған: «Репрессив режимнен қалай кек алуға болатыны туралы ызалы, сонымен қатар күлкілі триллер». Фильмде барлау қызметкері жүкті әйелімен бірге көлік апатына ұшырап, кездейсоқ өзінің бұрынғы тұтқындарына (өздерін осы қызметкер азаптады деп ойлайтын) тап болады. Олардың көшбасшысы кек қайтару үшін бәрін жинай бастайды. Жол бойында олар өз әрекеттерінің дұрыс-бұрысы мен өз күдігінің шындыққа қаншалықты сай келетінін ой елегінен өткізумен болады...
Панахидың күрескерлік һәм суреткерлік феномені оның қанша қысым көрсе де, өз елін тастап кетпеуінде жатыр. Ол үшін Иранда қалу – бұл өз еліндегі цензура мен қысымға қарсы күрестің бір формасы. Оның кейіпкерлері, фильм сюжеттері мен оқиғалары Иран қоғамына ғана тән және сол қоғамда ғана туады. 
Өнер қашанда өзіне үстемдік құрғысы келген күштерді жеңеді. Панахидың кезекті жеңісі – осының тағы бір айқын дәлелі. 

Әлихан МАХАШ
 

Тэгтер:

Канн фестивалі Жафар Панахи иран режиссері Иран киносы Иран киносының аңызы заманауи Иран киносы