Бір миллион қазақстандық ЖИ саласын меңгереді

Бүгін, 14:15 / Túrkіstan International Political Weekly
ашық дереккөзден алынды

Биыл Қазақстанда цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа жылдық құттықтауында мәлімдеген еді. Одан бөлек жуырда ғана Президент Turkistan газетіне берген сұхбатында: «Қа­зақ­стан цифрлық державаға айналуы керек. Бұл – қазіргі жаңа тех­но­логия дәуірінде өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы. Хал­­қымыздың ой-санасы мұндай инновацияларға дайын екеніне се­нім­дімін. Қазақстан да экономика мен қоғамдық өмірге жасан­ды интеллектіні енгізуге басымдық беріп жатыр. Еліміздің бұл жұ­мысқа қатысты бастапқы мүмкіндіктері жаман емес», – деген еді.

Ендеше, еліміздегі жасанды интел­лект саласындағы баста­малары қалай жүзеге асып жатыр? Ауқымды цифрлық жаң­ғыру ең алдымен қай салаларды қамтымақ? Алар асуымыз бен басар беле­­сіміз қандай? Осы сауалдарға жауап і­здеп көрелік.

Атқарылған ауқымды істер

Президент былтыр қыркүйек айын­дағы халыққа арнаған Жолдауында Қазақстанды үш жыл ішінде цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойған еді. Содан бері бұл бағытта жүйелі жұ­мыс­тар атқарылуда. Өткен жылы жа­санды интеллект саласында бірқатар жұ­мыстар атқарылды. Мәселен, мамыр айын­да Президент тапсырмасымен жасанды интеллектіні дамыту жөнінде ар­найы кеңес жұмысын бастады. Мем­ле­кет басшысының былтырғы Жол­дауы­нан кейін «Жасанды интеллект ту­ра­лы» жаңа заң күшіне енді. Осы­лай­ша, Қазақстан ЖИ саласындағы қоғам­дық қатынастарды реттеуге заң жүзінде негіз қалаған әлемдегі алғашқы елдердің қатарына енді. Аталған саладағы мем­ле­кеттік саясатты үйлестіру мақсатында Жа­санды интеллект және цифрлық да­му министрлігі құрылып, AI-Sana жо­басы аясында еліміз бойынша 650 мың­нан астам студент оқытылды. Жасанды ин­теллект және цифрлық даму ми­нистр­лігі мектептер мен жоғары оқу орын­дары арнайы бағдарламалар арқы­лы бейінді мамандарды даярлауға кіріс­ті. Салалық ведомство жоспарына сәй­кес, жасанды интеллект ең алдымен бі­лім беру, ауыл шаруашылығы, өндіріс, ло­гистика және тау-кен салаларында енгізілмек. 
Бүгінде электрондық форматтағы мемлекеттік қызметтердің үлесі 91 пайызды құрайды. Тізімде 1 448 мем­лекеттік қызмет бар. Олардың басым көпшілігі онлайн режимде қолжетімді. Бұдан басқа көрсетілетін қызметтердің 91 пайызын смартфон арқылы алуға бо­лады. Бұл процесті азаматтар үшін барын­ша ыңғайлы ете түседі. Елімізде цифр­лық құжаттардың 39 түрі енгізіл­ген. Олар қағаз түрлерін толықтай ал­мас­тыра алады.
Жасанды интеллект және цифрлық да­му министрлігінің мәліметі бойынша, қа­зір елде 200 мыңнан астам адам ІT са­ла­да еңбек етіп жүр. Оның 20 мыңы – жасанды интеллект маманы. Ведомство жа­сан­ды интеллектінің әлемдегі даму қар­қынын ескеріп, алдағы бес жыл ішін­де 1 миллион азаматқа заманауи дағ­ды­ларды үйретуді мақсат етіп отыр.
Биыл Amazon Kuiper компания­сы­мен спутниктік интернет жобасын іске қосу туралы келісімге қол қойылып, Starlink және OneWeb желілері Қазақ­стан нарығына кірді. Generation Nation бас­тамасы ондаған мың оқушы мен сту­дентті жасанды интеллект, робо­то­тех­ника және бағдарламалау сала­лары­на тартты.
Былтыр елімізде Alem.Cloud ұлт­тық су­пер­компьютерлік кластері құрылды. Оның жобасы Біріккен Араб Әмір­лік­теріндегі G42 тобына кіретін Presight ха­­­­лықаралық технологиялық компа­ния­­сымен бірлесіп дайындалды. Қазақ­стан NVIDIA және Freedom Holding Corp. компанияларымен бірлесіп тәуел­сіз AI Hub құру туралы келісімге қол қойды. 9 шілде күні ұлттық супер­ком­пьютерді іске қосу рәсіміне Пре­зи­дент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Суперком­пьютерге нейрондық желілер­ді оқытатын стартаптар, іргелі және қол­данбалы зерттеу жүргізетін универ­ситеттер, жасанды интеллектіні бизнес-процестерге енгізіп жатқан ғылыми орталықтар мен компаниялар қосыла алады. Суперкомпьютерді елге әкелу аясында Қазақстан алғаш рет жоғары технологиялық жабдықты кедендік баж бен қосылған құн салығынан босату ме­ханизмін құрды. Бұл елімізді ха­лы- қ­аралық IT компаниялар мен оператор­ларды тартымды ете түсті. 18 қарашада Alem.Cloud әлемдегі ең қуатты есептеу жүйелерінің халықаралық рейтингісінде 86-орын иеленгені хабарланып, 26 қара­шада Жасанды интеллект және цифр­лық даму министрлігі ұлттық супер­ком­пью­тер кластерінің ресурстарын пайда­лануға өтінім беретін Alem.Cloud плат­формасын таныстырды. Өтінімдерді қа­былдауда мемлекеттік басқару, білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруа­шылығы мен су ресурстары, мұнай-газ саласы, тау-кен металлургия кешені, энер­гетика, геология және барлау, көлік пен логистика, өнеркәсіп және құрылыс, робототехника мен дрондар, кибер­қауіп­сіздік, қаржылық технология сала­ларына басымдық беріледі. Супер­ком­пьютер­дің қаншалықты қуатты екенін түсіну үшін министр Жаслан Мәдиевтің Jibek Joly телеарнасындағы тікелей эфир­де айтқан мәліметін келтіруге болады. «8 млрд адам секунд сайын ма­те­матикалық есептеулер жасап оты­ра­тын болса, оларға суперкомпьютердің 1 секундта жеткен нәтижесіне жету үшін 4 күн қажет болады», – деген болатын министр.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің деректеріне жү­гінсек, 2025 жыл қорытындысында Қа­зақ­станда 2 606 ауылдық елді мекен жоғары жыл­дамдықты интернетке қосылыпты. Қа­зақ­станда 6 мыңнан астам ауылдық елді ме­кен бар. 2026 және 2027 жылдары соның 3 мың­нан астамы (соның ішінде биыл – 
1 900 ауыл) талшықты-оптикалық байланыс ар­қылы жоғары жылдамдықты интернетке қо­сылуға тиіс. Сөйтіп, Ж.Мәдиевтің сен­діруін­ше, халықтың 99 пайызы жоғары жыл­­­дам­дықты интернетке қол жеткізеді. 
Сондай-ақ былтыр Алматы мен Астанада қуат­тылығы 7,4 МВт болатын екі жаңа де­рек­терді өңдеу орталығы (Data-center) пай­да­лануға берілді. Биылғы жылы жиынтық қуа­­ты 12,9 МВт болатын тағы 3 ұқсас дерек­тер ор­та­­лығын іске қосуды жоспарлап қой­ды.  
Халық тарапынан цифрлық қызметтерге сұра­ныс тұрақты түрде өсіп келеді. 2025 жы­лы eGov Mobile қосымшасы арқылы 54 мил­лионнан астам мемлекеттік қызмет көр­се­тілді.

ЖИ – экономикадағы табыс көзі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мен жасанды интеллектіні елімізде енгізу ішкі жалпы өнімге 14 миллиард доллардан 20 миллиард дол­­­ларға дейін кіріс әкелуі мүмкін екенін айт­­қан болатын. «Сарапшылардың баға­лауын­ша, жасанды интеллект 2030 жылға қа­рай әлемдік ішкі жалпы өнімге 17 трил­лион доллардан 26 триллион долларға дейін пайда әкеліп, 78 миллион жұмыс орнын аша ала­ды. Ал Қазақстан жағдайында цифр­лан­дыру мен жасанды интеллектіні енгізу ішкі жал­пы өнімге 14 миллиард доллардан 20 мил­лиард долларға дейін кіріс әкелуі мүмкін. Осын­дай болжам бар. Бірақ шын мәнінде қа­лай бо­ларын өмір көрсетеді. Біз тың мүм­кіндіктерді барынша пайдалануымыз керек», – деген болатын. Әлемдік сарапшылардың бол­жауынша, бірқатар амери-калық компания 2026 жылы ЖИ негізіндегі өнімдер арқылы табысын 6 миллиард доллардан 20 миллиард долларға дейін арттыруы мүмкін. Қытайда қа­зірдің өзінде жасанды интеллект мәсе­лесі­мен айналысатын бес мыңға жуық компания бар. Сол себепті әлемдік алыптардың бә­се­ке­­сін негізге ала отыра, елдегі инфра­құры­лым­ды дамыту керегі анық. Қазір елімізде Alem.Cloud және Al-Farabium суперком­пью­терлері іске қосылған. 
Мемлекет басшысы мемлекеттік қызмет­терді цифрландыру, финтех және эконо­ми­каның бірқатар саласында қол жеткізілген нә­тижелерді ерекше атап өтіп келеді. Со­ны­мен қатар екі мыңға жуық компанияны бі­рік­тірген IT-стартаптарды қолдауға ар­нал­ған толыққанды экожүйе – Astana Hub ин­но­вациялық кластерінің жұмысына жоғары баға берілді. Astana Hub резиденттерінің сан­ы 7 жылдың ішінде 1 875-ке, жиынтық та­­бысы 4,3 млрд долларға жетті. Жыл ішінде IT қызметтер экспорты 1,5 млрд доллардан ас­­қан. Жалпы, осы жеті жыл ішінде Astana Hub стартаптары 840 млн доллардан астам ин­вестиция тартқан.

Қазақстанда Цифрлық кодекс қабылданды

Жуырда ғана қабылданған цифрлық ко­декс – цифрлық технологияны дамытуға, жасанды интеллектіні енгізуге және қауіпсіз әрі орнықты цифрлық ортаны қалыптас­тыру­ды қамтамасыз ететін негізгі құжат. Құ­жаттың қабылдануы елдің жекелеген цифр­лық шешімдерден қауіпсіздік пен жауап­кершілігі белгіленген, азаматтардың құ­қық­тарын қорғау ережелеріне негізделген жүйелі цифрлық экономикаға көшуіне жол аша­ды. Цифрлық кодексте алғаш рет адам­дардың цифрлық құқықтары заңнамалық тұр­ғыда бекітілді. Азаматтарға дербес дерек­тер­ді жою, оларды өңдеуді шектеу, жасыру құ­қы­ғы берілді. Биометриялық сәйкестен­діру­ді қолдануға тек заңнамада көзделген жағ­­­дайларда ғана жол беріледі. Сондай-ақ ал­горитмдік және автоматтандырылған жүйе­лердің көмегімен қабылданған шешім­дер­ді уәкілетті мамандардың қатысуымен қай­та қарау құқығы енгізілді. Бұл азамат­тар­дың құқықтары мен заңды мүдделеріне әсер ететін цифрлық және жасанды интеллект ше­шімдерінің ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз етеді.
Кодекс өзара іс-қимылды құқықтық тұр­ғыда реттеуге мүмкіндік береді. Элек­трон­дық құжаттармен қатар цифрлық құ­жаттар, цифрлық мәліметтер және цифр­лық растаулар ұғымдары (кодтар, бір реттік иден­тификатор, push-хабарлама және био­мет­риялық әдістер) енгізілді.  Сондай-ақ Ұлт­тық цифрлық нысандардың құқықтық мәр­тебесі айқындалды.

Alatau City – цифрлық қала

Алматының іргесінде заманауи тұрпат­тағы қала бой көтеретіні туралы көптен бері ай­тылып келді. Мемлекеттің жоспары бойын­ша Alatau аймақтағы толық цифрланған ал­ғаш­қы қалаға айналып, Smart City тех­но­ло­гия­ларын қолданатын, тауарлар мен қызмет ақы­сын криптовалютамен төлейтін елді ме­кен болу керек. Аумағы 98 мың гектардан ас­там жерді алып жатқан бұл қаланы толық­тай жеке инвестициялар есебінен салу көз­де­ліп отыр. Осы мақсатпен Үкімет мүше­лері Оңтүстік Кореяда форум өткізіп қайтты. Alatau-дың соңғы рет жаңартылған шекара­сы Қонаев және Алатау қалаларының Алма­ты облысының Талғар және Іле аудандары­ның аумақтарын қамтиды.
Alatau қаласында әуе такси жүйесін құру үшін шамамен 300 млн долларға электр-
лі eVTOL ұшақтарын сатып алу көзделіп 
отыр.
Жоба аясында сертификаттау және де­монстрациялық ұшуларға арналған сынақ алаңын құру, сондай-ақ Алатау мен Алматы қа­лаларының көлік желісіне әуе таксиді ин­тег­рациялау жоспарланған.

Биылғы жылдан үміт көп

Биыл цифрлық тұрғыда тарихи бет­бұрыс жылына айналуы мүмкін. Мы­салы, Үкімет барлық елді мекенді интер­нет­пен қамтып шығуға уәде етіп отыр. Ескір­ді деп саналатын eGov «электронды Үкімет» орнына Қазақстан QazTech тұғырнамасына кө­шеді. Президент Жарлығына сәйкес, биыл­дан бастап дәл осы платформадан тыс үкі­меттік ақпараттық жүйелерді әзірлеуге қа­таң тыйым салынды. Өңірлерде және ор­та­лықта жаңа бірыңғай платформаға көшіру үшін барлық жүйеге техникалық аудит жүргізіледі. Биыл, ЖИ министрінің мәліметі бойынша, ХҚКО-лар (ЦОН) Apple Store фор­ма­тында өзіне-өзі қызмет көрсетуге кө­шірі­леді. Яғни, қазіргі терезе артында қызмет көр­сетуші қызметкерлер отырған орталық­тар ЖИ қызмет ететін «цифрлық офистерге» трансформацияланады. 
Әзірге eGov-та мемлекеттік қызметтердің 91 пайызы онлайн қолжетімді. Порталда қа­зірдің өзінде азаматтарға арналған ЖИ-көмекшісі (ИИ-ассистент) енгізілді. Ал 2026 жылы, ЖИ министрлігінің хабарлауынша, eGov QazTech көмегімен жаңа архитектурада құрас­тырылатын болады.
Бұдан былай жасанды интеллект заң жазып, оның кейінгі орындалуын бақыламақ. Экономиканың барлық саласына цифрлық технологиялар енгізілмек. Мәселен, ақпарат­тық жүйелердің сенімділігін арттыру үшін мем­лекеттік Tier-III деңгейіндегі деректерді өң­деу орталығы жұмыс істейді. ЖИ ми­нистр­лігі І тоқсанның соңына дейін ақпа­рат­­тық жүйелерді осы жаңа деректер орта­лы­ғына (Дата-орталығына) көшіруді аяқ­тауы қажет. Мұның азаматтардың деректерін қорғау деңгейін арттыруға мүмкіндік бере­тіні айтылды. Сондай-ақ осы жылдың соңы­на дейін Каспий теңізінің түбімен Әзербай­жан­ға тартылып жатқан талшықты-опти­ка­лық байланыс желісін – кабель құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Ол аяқталған соң Қа­зақстан ғаламторды Батыстан тікелей тар­туға көшеді. Әйтпесе, республикаға ин­тер­нет-трафик Ресей арқылы келеді, ал Ресей болса, шетелдік интернетті бұғаттап тастап, оқ­шаулануға берік ден қойды.  Демек, 2026 жыл бастамалардың жүйелі жалғасатын ке­зеңі болмақ. 
Сарапшылардың айтуынша, 2026 жыл – тек еліміз үшін ғана емес, әлем үшін жасанды интеллект саласындағы трансформация кезеңі болмақ. 2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жария­лануы озық технологияларды жедел енгізуге және Қазақстан энергетикасын орнықты, цифрлық әрі технологиялық тұрғыдан тәуел­сіз салаға айналдыру жолында қуатты сер­пін болмақ.

Наурызбек САРША

Тэгтер:

Қазақстандық жасанды интеллект Бір миллион