Павлодардағы өрт: зардап шеккен балалардың жағдайы қалай

Бүгін, 07:44 / Нұрлан Әлинұр
Фото: Pixabay.com

Павлодар облысындағы өрт салдарынан зардап шеккен балалардың бірінің денесін 46 пайызы күйік шалған. Дәрігерлер оның жағдайын өте ауыр деп бағалап отыр, деп хабарлайды Kazinform.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, таңғы сағат 8:40-8:50 аралығында өрт болған жерден төрт бала Ертіс аудандық ауруханасына жеткізілген. 2018 және 2021 жылы туған екі ұл бала көмірқышқыл газынан уланып, ауыр дәрежеде күйік алған. Реанимациялық шараларға қарамастан, олар есін жимастан көз жұмды. Тағы екі бала аудандық ауруханадан Павлодар қаласына жеткізілді.

"2015 жылы туған бала өте ауыр, тұрақсыз жағдайда, күйіктік шок жағдайында жатыр. Жансақтау бөлімшесіне жатқызылды. Күйік денесінің 46 пайызын шарпыған, сондай-ақ тыныс алу жолдарының күйігі анықталды. Науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған, қарқынды терапия және реанимациялық іс-шаралар жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы.

2010 жылы туған баланың денесінің 1–2 пайызы күйіп, қол саусақтарынан жарақат алған. Жағдайы тұрақты, травматология бөлімшесіне жатқызылды.