«Нұрайдың оқиғасы басымнан өтіп жатыр»: Қызылордалық ару өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып, дабыл қақты

Бүгін, 05:03 / Нұрлан Әлинұр
Әлеуметтік желіден

Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбай пышақ жарақатынан қаза тапқаннан кейін Жазира Қуанышбай есімді қызылордалық қыз өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып, әлеуметтік желіде жазба жариялады.

Ол жарты жылдан бері өзін әлдебіреу мазалап жүргенін жеткізген. 

Тура Нұрайдың оқиғасы менің басымнан өтіп жатыр. Қызылордада тұрамын, полиция мен прокуратураға 2-3 рет арыз жаздым. Жүрген жерімде 102 шақырып қайтамын немесе жалғыз жүрмеймін. Прокуратура мұндай істі қарамайтынын айтып, полицияға ысыра салды. Ал полицияға бапты көрсетіп, сол адам туралы барлық деректі бердім. Аңдып жүрген фото, видео дәлел бар. Сонда да номенклатуралық іс деп жылы жауып қойды, - делінген жазбада. 

Бұған байланысты Қызылорда облыстық полиция департаменті түсінік берді. 

Сталкинг дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Қылмыстық істің тергелу барысы департамент басшылығының бақылауында, - делінген ведомство жауабында.

Сталкинг — заңнамаға сәйкес адамның еркіне қайшы онымен байланыс орнатуға және (немесе) оны аңдуға бағытталған, зорлық-зомбылықпен ұштаспайтын, елеулі зиян келтіруге алып келген әрекеттерден көрінетін заңсыз қудалау. Полиция осындай деректер анықталған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына жүгінуге кеңес береді.