Британ армиясындағы шу: 23 әскери қызметші лауазымынан босатылды

15 қаңтар, 2026 / Өтей Торғайұлы

7-ші бронды бригаданың құрамындағы 32-ші инженерлік полктің 23 сапері есірткіге тапсырған тест оң нәтиже көрсеткен. Осыдан кейін олар Британия армиясы қатарынан шығарылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл туралы The Sun жазған.

Оның дерегіне қарағанда, әскери қызметшілердің біреуі кокаин сақтағаны үшін ұсталғаннан кейін, полкті толық тексеруден өткізу туралы шешім қабылданған. Үлгілер 20 желтоқсанда 250 сарбаздан алынған. Нәтижесінде оң көрсеткіш шамамен әрбір оныншы әскери қызметшіден анықталған.

«Бұл өте ауқымды. Есірткіге байланысты тұтқындаулар жиілеп барады, бірақ бір полктің бірден 23 адамнан айырылуы бұрын естіп көрмеген жағдай. Полкте шамамен 550 адам бар, яғни ол даярланған жеке құрамының жалпы санының шамамен 5%-ынан айырылып отыр», — деп The Sun қорғаныс ведомствосындағы дереккөздің пікірін келтіреді. 

The Sun дерегінше, кейінгі 8 жылда Британия армиясында есірткі қолданғаны үшін кемінде 7 мың әскери қызметші қызметтен босатылған.
 

Тэгтер:

кокаин армия Британ