Қарағандыда 3-сынып оқушысы ашық құдыққа құлап кеткен

Бүгін, 14:38 / Інжу Әлихан
Скриншот

Қарағандыда үшінші сынып оқушысы мектеп маңындағы ашық құдыққа құлап кетті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл туралы әлеуметтік желіде баланың тәтесі мәлімдеді.

Әйелдің айтуынша, оқыс оқиға Бауыржан Момышұлы көшесіндегі №103 мектептің маңында болған:

«Менің үшінші сыныпта оқитын жиенім -30°C аяз кезінде қоршалмаған, ашық құдықтағы суға құлап, қатты тоңып қалған. Бейнебақылау камералары жоқ. Баланың тірі қалғаны – нағыз ғажайып. Бірақ бұл жағдай “жай ғана” қалмауы тиіс. Полицияға, әкімдікке және eOtinish арқылы өтініштер жолданды», – дейді ол.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі Liter.kz редакциясына хабарлағандай, оқиға орнына жедел жәрдем бригадасы барған. Баладан жарақаттар анықталмаған, ол тексеріліп, сол жерде үйіне жіберілген.