Шымкентте «Қырғы базар» базарының күзетшісі Үндістаннан келген студентті қорлағаны үшін айыппұл төледі, деп хабарлайды turkystan.kz.
2026 жылғы 11 қаңтарда «Қырғы базар» базарында ер адам Үндістан азаматын дөрекі түрде қорлап, оның ұялы телефонын жұлып алған. Осылайша ол қоғамдық тәртіпті бұзып, айналасындағыларға құрметсіздік танытқан.
Сот отырысы барысында ер адам өз кінәсін мойындап, өкініш білдіріп, жазаны жеңілдетуді сұрады. Жәбірленуші құқық бұзушыны кешіргенін, олардың арасында енді ешқандай жанжал қалмағанын мәлімдеді.
Сот іс материалдарын — түсініктемелерді, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы және өзге де дәлелдерді зерттей келе, ер адамды кінәлі деп таныды.
Жеңілдететін мән-жайларды (кінәсін мойындауы, өкініш білдіруі) және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескере отырып, сот 20 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салу туралы шешім шығарды.
Сот қаулысы заңды күшіне әлі енген жоқ.