Ирандағы жаппай наразылық кезінде қаза тапқандар саны 3,4 мыңнан асты

Бүгін, 14:14 / Алуа Арман
istockphoto.com

Ирандағы жаппай наразылық салдарынан қаза тапқандар саны кемі 3 428 адамға жетті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мұндай мәлімдемені Норвегияда орналасқан Iran Human Rights атты үкіметтік емес ұйым жасады. Ұйымның дерегінше, қаза болғандардың 3 379-ы небәрі бірнеше күн ішінде — 8–12 қаңтар аралығында көз жұмған.

IHR бұл мәліметтерді Иранның білім беру және денсаулық сақтау министрліктеріндегі өз дереккөздеріне сілтеме жасай отырып келтіреді. Ұйымның айтуынша, наразылық акцияларына қатысқан 10 000-нан астам адам қамауға алынған.

Сонымен қатар, сәрсенбі күні Тегеранда шерулер барысында қаза тапқан қауіпсіздік күштерінің кемінде 100 қызметкерімен қоштасу рәсімі өтті.

Еуроодақ Ирандағы репрессиялар мен адам құқықтарының бұзылуына байланысты жаңа санкциялар енгізу мүмкіндігін жоққа шығармайды, ал АҚШ президенті Дональд Трамп наразылық білдірушілердің қаза табуына жауап ретінде Тегеранға қарсы күш қолдану қаупін ашық түрде мәлімдеді.

Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусының басшылығы АҚШ пен Израильге қарсы алдын ала соққылар жасалуы мүмкін екенін ескертті. Тегеран бұл елдерді бастапқыда экономикалық сипатта болған наразылықтарды үкіметке қарсы бағытқа бұрған арандатушылар деп есептейді.

Тэгтер:

иран санкция бұқара ереуіл жаппай наразылық көтеріліс