Астанада 11 жастағы оқушы төрт тілде 853 кітап оқыған

Бүгін, 12:22 / Інжу Әлихан
Астана әкімдігі

Астана қаласындағы №17 мектеп-гимназиясының 6-сынып оқушысы Алтынай Өтеубаева елорда мектептері оқушылары арасында кітап оқудан көш бастап тұр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Елорда әкімдігінің мәліметінше, он бір жастағы кітапқұмар оқушы осы жасына дейін жалпы 853 кітап оқыған. Бұл көрсеткіш қала мектептері бойынша тіркелген ең жоғары нәтиже болып отыр. 

Мектеп кітапханасының меңгерушісі Шапира Сарсембековнаның айтуынша, Алтынай қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі көркем әдебиеттер мен танымдық шығармаларды еркін оқиды. Сонымен қатар, ол француз тіліндегі кітаптарды да меңгеріп жүр. Жалпы алғанда, жас оқырман төрт тілде – қазақ, орыс, ағылшын және француз тілдерінде кітап оқи алады.

Алтынай мектеп кітапханасындағы барлық кітапты толық оқып шыққан. Бұдан бөлек, оның үйінде жеке үлкен кітапханасы бар. Ата-анасының қолдауымен Англия елінен кітаптарға арнайы тапсырыс беріп алдырады. Бұл оның дүниетанымын кеңейтіп, тілдік қабілеттерін дамытуға зор ықпал етіп отыр.

Мамандардың пікірінше, мұндай жоғары көрсеткіш оқушының тілдік қорын байытып қана қоймай, ойлау қабілетінің дамуына және академиялық жетістіктерінің артуына оң әсер етеді. Алтынай Өтеубаеваның кітап оқудағы жетістігі – жас оқырмандар үшін үлгі боларлық нәтиже.