Қазақстанда жарияланған цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында елордада киберқылмыстың алдын алу жұмыстары күшейтілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Елорда полициясы интернет-алаяқтықтың және цифрлық қылмыстардың өзге де түрлерінің алдын алу бағытында белсенді жұмысын жалғастыруда. Бұл мақсатта ақпараттық кездесулер, дәрістер мен профилактикалық акциялар тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Осындай кезекті іс-шара Астана қаласындағы Д.Қонаев атындағы №66 мектеп-лицейінің оқушыларының ата-аналарымен кездесу болды.
Дәріс "Интернет-алаяқтықтың құрбаны болмау және цифрлық кеңістікте өзіңізді әрі балаларыңызды қорғау жолдары" тақырыбында өтті.
Мұндай кездесулердің маңызы зор, себебі олар азаматтарды алаяқтардың жаңа айла-тәсілдері туралы дер кезінде хабардар етуге, цифрлық сауаттылықты арттыруға және интернетте қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасып, қаланың басқа да білім беру ұйымдары мен қоғамдық алаңдарын қамтитын болады.
Полиция күмәнді қоңыраулар, хабарламалар немесе сілтемелер келген жағдайда жеке деректерді, банк карталарының реквизиттерін және растау кодтарын беруге болмайтынын ескертеді. Күмән туған кезде дереу полицияға жүгіну қажет.