Астанада өзгенің мүлкін қасақана бүлдірудің кезекті дерегі тіркелді. Түнгі уақытта 20 жастағы ер адам Молдағұлова көшесімен өтіп бара жатып, аялдама павильонын әдейі зақымдаған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Полицияның мәліметінше, ер адам аяғымен теуіп, құрылымның артқы әйнегін сындырған.
"Құқық бұзушылық бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Оқиға орнына жедел түрде полиция жасағы жетіп, күдіктіні анықтап, ұстады. Қазіргі уақытта ол өзгенің мүлкін қасақана бүлдіру дерегі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен оған 10 тәулікке әкімшілік қамау жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, заңда белгіленген тәртіппен келтірілген материалдық шығынды өтеуге міндеттеледі", - делінген хабрламада.
Полиция ескертеді: мұндай құқық бұзушылықтардың барлығы қолданыстағы заңнама аясында қатаң түрде тоқтатылады. Қалалық инфрақұрылым — бұл жай ғана әйнек пен темірден жасалған құрылымдар емес, тұрғындардың ыңғайлылығы, қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін құрылған ортақ кеңістік. Мұндай әрекеттер қаланың келбетіне ғана емес, барлық қала тұрғындарына зиян келтіреді. Өз қаласына ұқыпты қарау — айналаңдағы адамдарға және өзіңе деген құрметтің белгісі.