Жуырда жастар құрамасының бас бапкері лауазымына тағайындалған Бақыт Сәрсекбаев ел ішінде тараған қаңқу сөздерді жоққа шығарды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Олимпиада чемпионы 4 күн бұрын ғана ересектер құрамасының бас бапкері қызметіне кіріскен Нұржан Насановтың орнын алмастырады деген сыбысты жоққа шығарды.
"Ассалаумағалейкум, ағайын! Құттықтап жатқан баршаңызға рахмет! Артқан сенімдеріңізді ақтауға тырысамын. Іссапарда жүрсем, журналистер қоңырау соғып, маза бермейді: "Анау сіз туралы үй дейді, мынау бүй дейді, соған не айтасыз?" деп. "Енді әркімнің өз ауызы бар, өз ойын айтуға құқығы бар, мен барлық адамға ұнай беретін күміс теңге емеспін ғой" дегенді айтып шаршадым. Ағайын, көп өтірік, өсек, қаңқу сөздердің тарауына жол бермейік. Мойнына үлкен жауапкершілік артылған Нұржан бауырымыздың көңілін түсіріп, аяғынан шала бермей, қолдау білдірейік. Қайрат ағамызға мықты денсаулық тілейік. "Ойбай не дейсің?", "Енді Насановты Сарсекбаев ауыстырады" екен деген сыбыстарға нүкте қояйын бүгін", - деп жазды Бақыт Сәрсекбаев.
Сондай-ақ ол бас бапкерді ауыстыру ойыншық емес, өте стратегиялық маңызды қадам екенін атап өтті.
"Өткен жыл қазақ боксы үшін жеңіл болған жоқ, Қайрекеңнің денсаулығы сыр бергені рас болмаса, нәтиже көрсеткен бапкерді алып тастап, Азия ойындары алдында басқа бапкер қоя салатын федерация басшыларының да басы екеу емес қой. Енді Олимпиадаға екі жыл қалғанда ешкім де ауыс-түйіс жасамайды. Мен Насановтың орнына көз тігіп тұрғаным жоқ, өзіме сенім артылған жастар құрамасымен нәтижелі жұмыс істегім келеді. Қазақ боксының қай жерінде жүрсем де, ризамын. Бокс – менің өмірім, қазақ боксына қызмет етсем болды! Нұржан Насанов – өте білікті маман. Құрамада жүргеніне біраз болды, әрбір боксшыны жақсы таниды, әлі талай нәтиже көрсететініне сенемін және сәттілік тілеймін! Ендігі жерде бокс басында жүрген азаматтарды бір-біріне қарсы қоюды тоқтатайық, өтініш!", - деп жазды бапкер әлеуметтік желіде.