Республикалық кітапхана мен «Кітап оқитын ұлт» қоры меморандум жасасты

Бүгін, 17:07 / Інжу Әлихан

14 қаңтарда Алматы қаласында Оқу-ағарту министрлігінің Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасы ғимаратында кітапхана мен «Кітап оқитын ұлт - Читающая нация» қоғамдық қоры арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Құжатқа Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхананың директоры Алия Шуратовна Сайдембаева және қордың тең төрағасы Шыңғыс Жұмағали қол қойды.

Меморандум Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Кітап оқитын ұлт» жобасын іске асырудағы серіктестікті бекітеді. Ынтымақтастық елімізде тұрақты кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ патриотизмді, ұлттық мәдени мұраға құрметті, рухани-адамгершілік бағдарларды, жауапкершілікті және білімге ұмтылысты тәрбиелейтін әдебиетті насихаттауға бағытталған.

Бірлескен жұмыста ерекше назар кітаптардың сараптамалық іріктеуіне аударылады, олар кітап оқу дағдыларын дамытумен қатар маңызды қоғамдық және жеке құндылықтарды тәрбиелеуге ықпал етеді. Жоба қатысушыларына арналған әдебиет тізімдері жас ерекшеліктерін ескере отырып қалыптастырылады және қазақстандық әрі әлемдік классика шығармаларын қамтиды.

Қол қойылған Меморандум аясында Тараптар рухани, мәдени және азаматтық құндылықтарды тәрбиелеуге бағытталған оқуға ұсынылатын кітаптардың тізімдерін бірлесіп қалыптастыруға, жобаның іріктеу және қорытынды кезеңдеріне арналған сұрақтарды, эссе тақырыптарын және өзге конкурстық материалдарды бірлесіп әзірлеуге, сондай-ақ кітап оқуды дамыған және зияткер ұлттың негіздерінің бірі ретінде насихаттауға бағытталған бірлескен іс-шараларды, акцияларды және бастамаларды ұйымдастыруға келісті.

«Бұл Меморандумға қол қою мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар арасындағы серіктестікті дамытудың маңызды қадамы. Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхана кітап оқуды ілгерілету саласында тәжірибе мен сараптамаға ие және біз «Кітап оқитын ұлт» қорымен бірігіп, кітап оқуды әрбір қазақстандықтың өмірінде ажырамас бөлікке айналдыруға атсалысамыз», — деп атап өтті Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхананың директоры Алия Шуратовна Сайдембаева.

«Кітап оқитын ұлт » жобасы пилоттық өңірлерде өз тиімділігін көрсетті, онда жүздеген мың адам қатысуда. Елдегі жетекші педагогикалық кітапханамен ынтымақтастық жобаны жаңа деңгейге көтереді: патриотизмді, адамгершілік құндылықтарды және сыни ойлауды қалыптастыратын әдебиетті сапалы іріктеуді, кәсіби сараптаманы қамтамасыз етеді әрі оқушыларды, студенттерді, педагогтерді және отбасыларды одан әрі кеңінен тартуға мүмкіндік береді», — деп атап өтті «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының тең төрағасы Шыңғыс Жұмағали.

«Кітап оқу - бұл жай ғана дағды емес, ол мықты, рухани бай және бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырудың құралы. Отанға деген сүйіспеншілікті, мәдениетке құрметті және болашақ алдындағы жауапкершілікті тәрбиелейтін кітаптарды бірлесіп іріктеуеліміздің рухани жаңаруына елеулі үлес қосады деп сенеміз. Бизнес пен қоғам осындай бастамаларды белсенді қолдауы тиіс, сонда кітап оқу шынайы ұлттық құндылыққа айналады», — деді қордың Қамқоршылар кеңесінің мүшесі Айман Мырзахметова.

«Кітап оқу мәдениетін дамыту жастар мен бүкіл қоғамның құндылық бағдарларын нығайтумен тікелей байланысты. Кітаптар арқылы патриотизмді, этиканы, дәстүрге құрметті және өзін-өзі дамытуға ұмтылысты тиімді жеткізуге болады. Кітапхана және қормен серіктестігіміз осындай әдебиетке қолжетімділікті кеңейтеді, ал оқу процесін мағыналы етеді. Бұл Қазақстанның дамыған және кітап оқитын ұлт ретіндегі болашағына қосылған үлес», — деп атап өтті қордың Қамқоршылар кеңесінің мүшесі Мақбал Құсаинова.

Жоба «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорымен «AMANAT» партиясының, өңірлік әкімдіктердің және бизнес-әріптестердің қолдауымен жүзеге асырылуда. 2025 жылдың қыркүйегінде жоба пилоттық режимде Қарағанды облысында, Қостанай облысында және Шымкент қаласында басталды, онда қазір 189 мыңнан астам адам қатысуда. 2026 жылы жоба Қазақстанның барлық 20 өңіріне кеңейтіліп, қатысушылар саны 1 миллионнан асады деп жоспарлануда.