«Марапат пен атақ – базарда сатылатын сувенир сияқты»: Депутат «атақ саудасын» сынға алды

Бүгін, 14:32 / Інжу Әлихан
Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ол атақ пен марапаттың жаппай саудаға түсуі қоғам үшін қауіпті үрдіске айналғанын айтты.

«Атағы жоқ, медаль алмаған кім қалды? Айтайын дегенім, атаққұмарлық кәдімгі дертке айналып барады. Марапат пен атақ – базарда сатылатын сувенир сияқты. Атақ сататын аты белгісіз қоғамдық ұйымдар медаль, ордендерді шүлен таратқандай оңды-солды үлестіріп жүр. Бұған өзі тоқтам бар ма?

Бұған дейін бұл мәселені біраз әріптестерім де көтерді. Арнайы заң, норма да қабылданды. Алайда бұл үрдіс керісінше үдеп барады. Мәселен, «Қазақстанның құрметті азаматы» төсбелгісі, «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» медалі және «Ұлт ұстазы» дейтін атақтар кейбір деректерге қарағанда, ашық не жасырын түрде 20 мыңнан 100 мың теңгеге дейінгі аралықта бағаланады екен. Пысықай ұйымдар кәдімгі зәулім  ғимараттарды жалға алып, ақшасы бар кәсіпкерден бастап мұғалімге дейін қызыл кілем төсеп, сахнаға салтанатты түрде  тұрып марапаттайды.  Өздері  мәз. Шын мәнінде не атақ алып жатқанын өздері де білмейді.

Әлеуметтік желілерде жарыса жариялап, қызуы басылғанша тойлаумен әлек», – дед депутат.

Мақсат Толықбайдың сөзінше, мәселе – біреудің марапат алғанында емес. Мәселе – марапаттың қандай жолмен, қандай негізде беріліп жатқанында.

«Құн қалмады. Пысықайлар үшін бұл бизнес қана.  Тіпті,  «Ғасыр ұстазы», «Алаш ұстазы» дейтін  атақтар шығыпты. Тек ақшасын төлесең болды, медаль да, орден де, куәлік те, қысқасы, дайын «шоу-пакетке» бірден ие боласың.

Көптеген дамыған елдерде мемлекеттік марапаттар – заңмен қорғалатын институт. Атақтар мен наградалардың критерийі нақты белгіленіп, рәсімделуі ашық түрде жүзеге асады. Бұл жүйе награданың беделін сақтауға, заңсыз саудаға жол бермеуге, қоғамда әділдік пен моральдық тәртіпті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ал біздің елде ше? Қалтасында қаржысы немесе танысы бар кез келген адам қоғамдық ұйым ашып алып, атақ таратумен айналыса алады.

Ең қауіптісі – бұл «марапат бизнесінің» ең алдымен мектептерге енуі. Бүгінде ұстаздың кәсіби деңгейі нақты нәтиже мен білім сапасымен емес, алғыс хат пен медаль саны арқылы өлшенетіндей жағдайға жеттік. Соның салдарынан мұғалімдер оқушыға білім беруде емес, марапат жинауда бір-бірімен жарыса бастады.

Бұл – білім жүйесінің іргетасын шайқалтатын аса қауіпті құбылыс. Қаптаған атақ таратқыш ұйымдардың кесірінен біз атақ пен марапатты тойға апаратын жай сыйлық деңгейіне дейін арзандатып алдық», – деді М. Толықбай.

Депутат Мәдениет және ақпарат министрлігінен жалған әрі заңсыз марапаттауға тосқауыл қоюды және марапаттау жүйесіне қатаң бақылау орнатуды талап етті.

«Осыған байланысты төмендегі мәселелер бойынша Үкіметке нақты ұсыныстар жолдаймын:

  1. 2025 жылғы маусымда қабылданған заңнамалық өзгерістердің толық әрі тиімді іске асуын қамтамасыз ету, мемлекеттік наградалар туралы заң нормаларының орындалуына жүйелі бақылау орнату.
  2. Қоғамдық марапаттарды заңсыз тарату фактілері бойынша әкімшілік және өзге де құқықтық шараларды жүйелі түрде қолдану, жауапты тұлғалардың әрекетіне нақты құқықтық баға беру.
  3. Мемлекеттік және қоғамдық наградалардың бірыңғай тіркелімін енгізу, цифрлық бақылау мен қадағалау тетіктерін күшейту арқылы марапаттау институтының ашықтығы мен беделін қамтамасыз ету.

Шындығы сол – мемлекеттік наградалармен шатастыратын қоғамдық атақтарды таратқандар өздерін кінәсіз сезінеді. Бұл заңның әлсіздігі емес, оның орындалмауының салдары. Менің ойымша, салмағы жоқ, жөн-жосықсыз сатылып жатқан атақ-марапаттарды тоқтатудың бір ғана жолы бар: сатқызбау, сатып алмау және жол бергендерді заң нормаларына сәйкес жауапқа тарту.

Осыны бүгін қолға алмасақ – ертең кеш болады!», –деді ол.