Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев ауыл шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде сәбізді экспорттауға енгізілген шектеулердің фермерлер мен кәсіпкерлер арасында наразылық тудырып жатқанын айтып, Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге бағаны тек экспортты шектеу арқылы тұрақтандырудың тиімсіздігі туралы депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін, оның ішінде сәбізді экспорттауға жаңа шектеу енгізу туралы ұсыныс фермерлер мен кәсіпкерлер арасында наразылық тудыруда. Бизнес өкілдері Үкімет бұл шара арқылы нақты қандай стратегиялық мақсатты көздейтінін түсіне алмай отыр. Тәжірибе көрсеткендей, экспортқа тыйым салу бағаның төмендеуіне әкелмейді, керісінше өсім жалғаса береді. Бұл жерде негізгі ауыртпалық өндірушілерге түседі. Ал делдалдар мен логистикалық тізбектің басқа қатысушылары бұл шектеуден зардап шекпейді. Себебі тауардың бағасы дүкен сөресіне жеткенше бірнеше есеге қымбаттайтыны белгілі. Сарапшылар бағаны тек экспортты шектеу арқылы тұрақтандыруды тиімсіз деп есептейді. Бизнес қауымдастығы да өз ұстанымын ашық білдіруде. Егер мемлекет ішкі нарыққа қажетті өнім көлемін нақты айқындаса, фермерлер оны қамтамасыз етуге дайын, – деді ол.
Оның айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған өнім тапшылығы жөніндегі деректердің объективтілігіне күмән бар.
«Қазақстан Картоп және көкөніс өсірушілер одағының мәліметінше, қоймалар толы, сәбіз бен картоп тапшылығы жоқ. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған өнім тапшылығы жөніндегі деректердің объективтілігіне күмән туындайды. Бұл мемлекет пен өндірушілер арасында жүйелі диалогтың жоқ екенін көрсетеді. Мәселен, Павлодар облысында ғана фермерлердің қолында 120 мың тоннадан астам сәбіз қоры бар. Қазіргі жағдайда оны келісі 80 теңгеден сатудың өзі қиын. Себебі сұраныс төмен. Ал сәбіз – ұзақ сақталмайтын өнім. Сондықтан экспортқа уақытша шектеу қолда бар өнімді өткізу мүмкіндігін одан әрі тарылтады. Ойластырылмаған әкімшілік шешімдер отандық фермерлердің шетелдік нарықтардағы орнын әлсіретіп, оларды бәсекелестерге оңай беріп қоюға әкеледі. Фермерлер жылдар бойы қалыптастырған логистикасы мен серіктестік байланысы бір ғана шешімнің салдарынан үзілуі мүмкін. Бұған дейін де картоп, ет және пияз экспортына осындай шектеулер енгізілгенімен, олардан нақты қорытынды жасалған жоқ. Қысқамерзімді әкімшілік тәсілдер әлі де басым болып отыр. Мұндай саясат ұзақ мерзімде фермерлердің өндірісті дамытуға деген ынтасын төмендетіп, елдің шетелдік өнімге тәуелді болу қаупін арттырады», – деді ол.
Осыған байланысты депутат Үкіметтен төмендегі мәселелерге жауап беруді сұрады сұрады:
- Экспортқа шектеу енгізу туралы ұсыныс қандай экономикалық және статистикалық есептеулерге негізделді, ішкі нарық қажеттілігі мен қолда бар қорлар бойынша қандай деректер пайдаланылды және олардың дұрыстығына қай орган жауапты?
- Баға өсімі сақталған жағдайда экспортты әкімшілік жолмен шектеудің орнына сауда үстемесін реттеу, логистиканы оңтайландыру және тұрақтандыру сатып алуы сияқты жүйелі тетікті қолдану мүмкіндігі қарастырылды ма, оның нәтижесі қандай?
- Ішкі нарықты кепілдендірілген көлемде өніммен қамтамасыз етіп, артық өнімді экспортқа шығаруға мүмкіндік беретін нақты әрі түсінікті модель әзірлеу жоспарланып отыр ма?