Түркістан облысында полиция заңсыз аң аулау дерегін анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері Түркістан облысында профилактикалық іс-шаралар өткізіп, Түлкібас ауданының аумағында заңсыз аң аулау фактісін анықтап, жолын кесті.
Тәртіп сақшылары елді мекендердің бірінен Toyota автокөлігін тоқтатты. Көлік құралын тексеру кезінде екі аңшы мылтығы, дүрбі, оқ-дәрі, сондай-ақ заңсыз атып алған елік пен түлкі анықталды.
Заңсыз аң аулау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Барлық мән-жайларды анықтауға бағытталған қажетті шаралар атқарылып жатыр.
Тәртіп сақшылары браконьерлік жануарлар әлеміне елеулі зиян келтіретінін және заңнамада көзделген қатаң жауапкершілікке әкеп соқтыратынын ескертеді. Бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстар жалғасуда.