Жақып Хайрушев: Энергетика реформасы – экономика өсімінің берік негізі

Бүгін, 11:06 / Дана Ізтілеуова

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан» газетіне берген сұхбатында былтыр елімізде энергетикалық және коммуналдық секторда ауқымды реформа қолға алынғанын баса айтқан болатын. Мемлекет басшысы өз сөзінде Үкімет энергетикалық және коммуналдық нысандарды жаппай жаңғырту жұмыстарын қолға алғанын, ұзындығы жүздеген шақырым болатын инженерлік желілер мен электр қуатын тарататын желілер салу мақсатында есеп-қисап әзірленіп жатқанын тілге тиек еткенін. «Атамекен» ҰКП басқарушы директоры, еңбек сіңірген энергетик Жақып Хайрушев елімізде энергетика инфрақұрылымын жаңғырту қарқыны күшейгенін айтып жеткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан» газетіне берген сұхбатында айтқандай, өткен жылы энергетика саласында шын мәнінде жүйелі әрі ауқымды реформалар басталды.

Біріншіден, тарифтік саясат қайта қаралды. Арзан тарифтер есебінен инфрақұрылымды тоздыру кезеңі аяқталып, «тариф – инвестиция – жауапкершілік» қағидасына көшу басталды. Бұл энергия көздерін жаңартуға нақты қаржы тартуға мүмкіндік берді.

Екіншіден, генерация мен желілерді жаңғыртуға басымдық берілді. ТЭЦ пен электр желілерінің жоғары тозуы ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналғандықтан, модернизация мемлекеттік деңгейдегі міндет ретінде қойылды.

Үшіншіден, нарық архитектурасы өзгерді. Электр энергетикасында делдалдық тетіктер қысқарып, жауапкершілік нақты өндіріс пен желі иелеріне шоғырлана бастады.

Төртіншіден, жаңа қуаттарды іске қосу және маневрлік генерацияны дамыту күн тәртібіне шықты, соның ішінде дәстүрлі энергетикамен қатар ВИЭ бағыттары да қарастырылды», – дейді маман.

Жақып Хайрушевтің пікірінше, өндірістік қуатты жаңартудың мақсаты тек электр тапшылығын болдырмау емес.

«Ең негізгі мақсат – энергетикалық жүйенің сенімділігін арттыру, апаттар мен төтенше тәуекелдерді азайту, экономиканың өсуіне тұрақты негіз қалыптастыру. Энергетика сенімді болмайынша, өнеркәсіп те, бизнес те, өңірлік даму да толық іске аспайды. Сондықтан бұл реформалар тактикалық емес, ұзақ мерзімді стратегиялық қадам деп қарау керек», – дейді маман.

 

Тэгтер:

энергетика Жақып Хайрушев