Жамбыл облысының тұрғыны өзінің некелескенін 34 жылдан кейін білген

Бүгін, 10:37 / Алуа Арман
istockphoto.com

Жамбыл облысының тұрғыны некені жарамсыз деп тану туралы талап арызбен сотқа жүгінген, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ол 1991 жылы жауапкер келіншекпен отбасы құру ниетімен бірге тұрған, алайда екеуі 4 айдан кейін екі жаққа кеткен. Олар некелесу үшін АХАТ органдарына жүгінбеген, ешқандай құжаттарға қол қоймаған және неке туралы куәлік алмаған.

2025 жылы ер адам банк қосымшасындағы «Мемлекеттік қызметтер» бөлімінен 1991 жылы өз атына неке тіркелгені туралы ақпаратты көрген.

Көп уақыт өтуіне байланысты құжаттарды қолдан жасау белгілері бойынша басталған сотқа дейінгі тергеу тоқтатылған.

Іс материалдарын зерттеу барысында азаматтық хал актілерін тіркеу кітабында шынымен де неке тіркелгені туралы жазба бар екені анықталған, алайда ондағы қолтаңбалар талап қоюшы мен жауапкерге емес, үшінші тұлғаға тиесілі болған.

Сот отырысында талап қоюшының жақын досы әрі көршісі неке тіркеу кезінде қатыспағанын және акт жазбасына қол қоймағанын мәлімдеді.

Сот 1991 жылы неке тіркеу заң талаптарын бұза отырып жүргізілген деген қорытындыға келді, өйткені тараптар некені рәсімдеу кезінде қатыспаған, ал бұған заңнамада жол берілмейді.

Сонымен қатар, 1994 жылы жауапкер келіншек басқа адаммен заңды некеге тұрған, ал талап қоюшы 2001 жылы басқа азаматшамен некесін тіркегені, балалары бары анықталған.

Сондай-ақ, 1991 жылы «неке қиылғаннан» кейін тараптардың отбасылық қатынастарда болғаны дәлелденбеген.

Сот 1991 жылғы акт жазбасында көрсетілген некені жарамсыз деп таныды.

Шешім заңды күшіне енді.

Тэгтер:

Отбасы Жамбыл облысы неке заңды неке некелесу