Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қасақана кісі өлтіру ісі бойынша үкім шығарды, деп хабарлайды turkystan.kz.
2025 жылдың тамыз айында айыпталушы мен жәбірленушінің арасында жеке бас араздығы негізінде жанжал туындаған.
«WhatsApp» мессенджеріндегі хат алмасып, бір-бірін қорлап, балағаттаған. Түнгі 23:55 кезінде айыпталушы бірнеше досымен бірге Бородулиха ауданындағы жәбірленушінің үйіне келген. Аулада сөзге келіп, соңы төбелеске ұласқан.
Төбелес кезінде айыпталушы мас күйінде қолына пышақ алып, жәбірленушінің кеуде тұсына бір рет соққы жасаған. Алған жарақатынан жәбірленуші ауруханаға бара жатқан жолда көз жұмған.
Сот үкімімен айыпталушы кінәлі деп танылып, орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.