Ресейдегі перзентханада тоғыз нәресте көз жұмды

Бүгін, 23:34 / Өтей Торғайұлы

Ресейдің Новокузнецк қаласындағы №1 перзентханада тоғыз нәресте қайтыс болған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Кузбасс денсаулық сақтау министрі Андрей Тарасов нәрестелердің қаза болғанын растаған.

«Оқиға болды. Қазір тексеріс жүріп жатыр. Жағдайды бағалау және мұндайдың алдын алу үшін Денсаулық сақтау министрлігінің комиссиясы барып қайтты. Тексеру аяқталған соң ресми ақпарат береміз», – деді ол әлеуметтік желідегі тікелей эфир кезінде.

Тергеу комитеті екі қылмыстық іс қозғады: екі немесе одан да көп адамның өліміне абайсызда себеп болу (РФ ҚК 109-бабының 3-бөлігі, ең жоғарғы жаза – 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру) және салғырттық (РФ ҚК 293-бабы, 7 жылға дейін түрме).

Новокузнецктегі №1 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Виталий Херасков қызметінен шеттетілді, деп хабарлады Кемеров облысының губернаторы Илья Середюк.

«Новокузнецк қалалық клиникалық ауруханасы №1 бойынша бейінді ведомстволар тексеріс ұйымдастырды. Тексеру кезеңінде бас дәрігер Виталий Херасковты қызметінен шеттету туралы шешім қабылдап, Кузбасс денсаулық сақтау министріне тиісті тапсырма бердім», – деп жазды ол Telegram-арнасында.

NGS мәліметінше, тәулігіне үш балаға дейін қайтыс болған күндер де болған.

«Медициналық ұйымның акушерлік стационарында тыныс алу жолдарының жұқпалы инфекциясы бойынша сырқаттанушылық шегінің жоғарылауына байланысты санитарлық-эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша карантиндік шаралар жүргізілетін кезеңде пациенттерді ауруханаға жатқызу уақытша тоқтатылды. Стационарда кадр тапшылығы жоқ. Стационардың қашан қайта ашылатыны туралы кейін хабарлаймыз», – делінген перзентхананың сайтында.

Новокузнецктегі №1 перзентхана бұған дейін де нәрестелердің өлімі бойынша айыпталған: бір баланың босану кезінде қолы жұлынып кеткен. Өткен жылы босанған әйелдер антисанитария мен қызметкерлердің біліксіздігіне шағымданған.

Жәбірленушілердің бірінің айтуынша, осы күзде жүктіліктің ерте мерзімінде босану кезінде акушерлер толғақты тоқтата алмай, нәрестенің қолын жұлып алған. Қол-аяғы жоқ нәрестені анасының кеудесіне қойған. Осы жағдайға байланысты жергілікті Тергеу комитеті салғырттық бабы бойынша тексеріс жүргізген.

Перзентхана бұл жағдайға қатысты пікір білдіріп, аталған фактілер шындыққа сәйкес келмейтінін және медициналық көмектің пациенттегі асқынуларға сай көрсетілгенін мәлімдеді. 

Тэгтер:

Ресей перзентхана