Бұл жайында Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
"Бүгін, 13 қаңтар күні сағат 20:00-ден бастап ауа райының қолайсыздығына байланысты (ауа температурасының –30 °C-қа дейін төмендеуіне орай) Астана қаласынан шығатын барлық бағыттарда дизельді және қоғамдық көлік құралдарының қозғалысына шектеу енгізіледі", - деп жазылған хабарландыруда.
Сонымен қатар, Астана қаласы ТЖД ауа райы температурасының күрт төмендеуіне байланысты келесі қауіпсіздік шараларын еске салды.
"Қатты аяз кезінде көшеге шығуды барынша шектеңіз, сондай-ақ жеке көлікпен алыс жолға шықпаңыз. Үйден шығуға мәжбүр болған жағдайда үсік шалмау үшін барлық сақтық шараларын қолданыңыз. Аязды күндері қолғапсыз және жылы бас киімсіз жүрмеңіз. Егер көлігіңіз алыс жерде немесе сізге таныс емес жолда от алмай қалса, байланыс желісі болған жағдайда телефон арқылы көмек шақырыңыз немесе жол бойымен өтетін басқа көліктерді күтіңіз, көліктен жаяу алысқа кетпеңіз. Желден ықтаныңыз — желді күндері үсік шалу қаупі едәуір артады. Өзіңізді және жақындарыңызға қамқор болыңыздар! Төтенше жағдайлар кезінде 112 нөміріне хабарласыңыз!", - деп жазылған ескертуде.