Ақыл мен сабыр: зерттеу ер адамдардың агрессиясы неден азаятынын көрсетті

Бүгін, 18:45 / Ербұлан Қайрат
cурет: istockphoto.com

Ер адамдардың интеллект деңгейі олардың қарым-қатынастағы мінез-құлқына тікелей байланысты болуы мүмкін. Жаңа зерттеу нәтижесіне сәйкес, интеллектуалдық қабілеті жоғары ерлер серіктесімен жанжалға сирек барып, агрессия мен қысым көрсетуге аз бейім келеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Окленд университетінің (Жаңа Зеландия) психологтары жүргізген зерттеу Personality and Individual Differences журналында жарияланды. Ғалымдар халықаралық ICAR когнитивтік қабілеттер тестінің нәтижелерін ер адамдардың романтикалық қатынастағы өзін қалай ұстайтынын салыстырған.

Зерттеуге кемінде алты ай бойы қарым-қатынаста болған, орташа жасы 25-ке тең 202 ер адам қатысқан. Нәтижесінде интеллект көрсеткіші жоғары қатысушылардың вербалды агрессия, манипуляция және серіктесіне қысым көрсету сияқты деструктивті әрекеттерге сирек баратыны анықталған. Сонымен қатар, оларда психопатиялық белгілер де төменірек болған.

Ең айқын байланыс әріп-сан тізбегін жалғастыруға арналған тапсырмалар арқылы өлшенетін «икемді интеллектпен» байқалған. Бұл қабілет адамның тез ойлауына, жаңа жағдайға бейімделуіне, заңдылықтарды аңғаруына және импульсивті реакцияларды бақылауына жауап береді. Зерттеушілердің пікірінше, дәл осы қасиет жанжалдан қашуға көмектесуі мүмкін.

Сонымен бірге ғалымдар нәтижені сақтықпен түсіндіруге шақырады. Зерттеу интеллект пен мінез-құлық арасындағы байланысты көрсеткенімен, жоғары IQ агрессияның төмен болуына тікелей себеп болады деп кесіп айтуға болмайды. Бұдан бөлек, деректер қатысушылардың өзін-өзі бағалауына негізделген, ал қарым-қатынас сапасына әсер ететін факторлар әлдеқайда көп.

Тэгтер:

Ер адам қарым-қатынас интеллект