Биыл 142 ауылда сумен жабдықтау сапасы жақсарады – Үкімет

Бүгін, 12:05 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

2026 жылы сумен жабдықтау саласында 12 жобаны аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оның айтуынша, бұл жалпы халқы шамамен 540 мың адамды құрайтын 142 ауылды елді мекенді сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуді жақсартуға мүмкіндік береді.

Негізгі нысандардың бірі – Шардара топтық су құбыры болмақ, оның құрылысы 2026 жылдың шілдесінде аяқталып, Шардара қаласын жерасты көздерінен ауыз сумен қамтамасыз етеді. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін қаланың ауыз сумен қамтамасыз етілуі толығымен жаңа су құбыры есебінен жүзеге асырылады. Осының арқасында Шардара су қоймасындағы су көлемінің азаюы тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етуге әсер етпейтін болады, — деп атап өтті Нұржан Нұржігітов.

Сонымен қатар Министрлік елдің үш облысында 5 жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстарын жалғастыруда, олардың аясында ірі топтық су құбырларының бас құрылысжайларын салу көзделген.

Жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу және сараптама қорытындысын алуды аяқтау 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында жоспарланып отыр, содан кейін оларды қаржыландыру мәселесі қарастырылады.