Шымкентте көз жұмған 21 жастағы бойжеткен туралы тың деректер шықты

Бүгін, 11:00 / Алуа Арман
видеодан скриншот

Шымкентте 11 қаңтар күні кешке кісі қолынан қаза тапқан 21 жастағы қыздың денесін туыстары мәйітханадан алып, туған ауылына жеткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қорқынышты оқиға бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Кадрлардан қыздың қашуға тырысқаны, кейін қарсылық көрсеткені көрінеді. Жас жігіт оны ұрып-соғып, пышақпен бірнеше рет жарақаттап, содан кейін оқиға орнынан қашып кеткен.

Оқиғаның бейнежазбалары көп ұзамай әлеуметтік желілерде тарап кетті. Бейресми мәліметтерге сәйкес, қызға 11 рет пышақ сұғылған.

Қаза тапқан қыз – 21 жастағы студент Нұрай Серікбай. Ол ата-анасымен бірге қайғылы оқиға болған жерге жақын орналасқан көпқабатты үйлердің бірінде тұрған. Нұрайдың екі ағасы бар, өзі отбасындағы кенже бала болған. Қыздың жаназасы 13 қаңтар күні Түркістан облысының Төрткөл ауылында өтеді.

Полицияның мәліметінше, күдікті – 29 жастағы Шерхан Аймахан.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қазіргі уақытта күдіктінің қызға не себепті пышақпен шабуыл жасағаны белгісіз. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Тэгтер:

Шымкент күдікті қылмыс бойжеткен 21 жастағы қыз