Атырау облысында зейнеткер ерлі-зайыптылардың өліміне қатысты тергеу жалғасып жатыр. Олардың кенже қызы мен күйеу баласына халықаралық іздеу жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.
КТК мәліметінше, тағы бір маңызды жайт – мәйіттердің табылуы. Қаза болған азаматтың әпкесі Әдемі Шылмағанбетованың айтуынша, үйдегі күмәнді жайтты ауылдасы байқаған.
«Бұрын мал союға көмектесіп жүрген көрші жігіт диванның өз орнында тұрмағанын байқайды. Ол жақындап, диванды жылжытқанда, астынан мәйіттер табылған. Диванның астына рубероид төселіп, үстіне кілемдер жабылған екен. Інімнің өзі сол жерді қаза бастап, адам сүйектеріне тап болды. Алайда қатты иіске байланысты әрі қарай қаза алмады», – деді марқұмның әпкесі.
Атырау облыстық полиция департаменті тергеудің жалғасып жатқанын және іздеуде жүрген адамдар саны өзгермегенін растады.
«Екі адамның сүйектері табылғаннан кейін іздеуде төрт адам қалып отыр. Тағы екі жәбірленушіні іздеу жұмыстары тоқтатылған жоқ. Сонымен қатар зейнеткерлердің кенже қызы хабар-ошарсыз кеткен адам ретінде халықаралық іздеуге жарияланды. Күйеуі күдікті ретінде іздестірілуде», – деп хабарлады Атырау облысы ПД өкілдері.