Ақмола облысында мүгедектігі бар азаматтардан 12,8 млн теңге заңсыз салық ұсталған

Бүгін, 09:35 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Ақмола облысының прокуратурасы мүгедектігі бар адамдардың жеке табыс салығын (әрі қарай – ЖТС) ұстау кезінде олардың құқықтары жүйелі түрде бұзылғанын анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

ҚР Конституциясы барлық азаматтардың теңдігіне және кемсітушілікке жол берілмейтініне кепілдік береді.

Осы қағидатты іске асыру мақсатында салық заңнамасында I, II және III топтағы мүгедектігі бар адамдар жылдық табысы айлық есептік көрсеткіштің 882 еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда жеке табыс салығын төлеуден босатылатыны тікелей көзделген.

Алайда, заңның тікелей талаптарына қарамастан, жекелеген ұйымдарда мұндай қызметкерлердің жалақысынан салық негізсіз ұсталған.

Прокурорлық ден қою шараларының нәтижесінде 344 мүгедектігі бар азаматтың құқықтары қалпына келтіріліп, оларға заңсыз ұсталған 12,8 млн теңгеден астам сома қайтарылды.

Облыс прокуратурасы әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтардың құқықтарын қорғау - қадағалау қызметінің негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтеді. Бұл бағыттағы заңбұзушылықтарды анықтау және жолын кесу жұмысы жалғасатын болады.