Павлодар облысында жеңіл көлік пен жүк көлігі соқтығысып, екі адам қаза тапты

Бүгін, 09:24 / Алуа Арман
Павлодар облысының Полиция департаменті

Павлодар облысында жол апатына байланысты полиция қылмыстық іс қозғады. Жол апатында екі жолаушы қаза тауып, тағы екі адам жарақат алды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Павлодар – Қызылорда автожолының 110-шақырымында, Құлакөл ауылының маңында Toyota Camry маркалы автокөліктің жүргізушісі көріну деңгейі шектеулі жағдайда арақашықтықты сақтамай, жартылай тіркемесі бар Shacman жүк көлігімен соқтығысқан.

«Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі жолаушы қаза тауып, тағы екі адам түрлі жарақат алды. Апаттың мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталатын болады», – деді полиция.

Павлодар облысының Полиция департаменті осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін жол қозғалысына қатысушыларды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, белгіленген жылдамдық режимі мен арақашықтықты ұстануға, әсіресе қозғалыс қарқыны жоғары учаскелерде мұқият болуға, сондай-ақ көліктің техникалық жағдайын бақылап, ауа райының өзгерістерін ескеруге шақырады.

Тэгтер:

Жүк көлігі Жол апаты жеңіл көлік