Түркістан облысындағы ауылдардың бірінде анасы мен екі баласы көмірқышқыл газынан уланып көз жұмды. Олардың жансыз денелерін жеке үйден марқұм әйелдің әріптестері тапқан. Олар есікті бұзып кіріп, үшінші баланы аман алып үлгерген, деп хабарлайды turkystan.kz.
КТК арнасының мәліметінше, қайғылы оқиға Шұбарсу ауылында болған. Онда 38 жастағы балабақша тәрбиешісі үш ұлымен бірге жалдамалы шағын үйде тұрған. Күйеуімен ажырасқан екен.
Көршілерінің айтуынша, оқиғаға дейін әйел түтін мұржасын тазаламақ болған, алайда үлгермеген. Таңертең жұмысқа келмеген соң, әріптестері алаңдап, іздеуге шыққан.
«Әріптестері келгенде есік жабық болып, үйдің ішінен телефонның қоңырауы мен ыңырсыған дыбыстар естілген. Олар есікті бұзып кіргенде, ішіндегі адамдардың көбісі жан тапсырған екен. Бір бала әрең тірі болған, оны жедел жәрдеммен ауруханаға алып кетті», – деді туысы Жамбыл Дәулетов.
Әйелмен бірге бес және жеті жастағы екі баласының да мәйіті табылды. Үшеуі де жерленді. Тек әйелдің 13 жастағы үлкен ұлы ғана тірі қалды. Қазір оның өміріне қауіп жоқ.