«Денелерінде пышақ іздері бар»: Атыраудағы ерлі-зайыптылардың қазасына қатысты тың ақпарат шықты

Бүгін, 05:52 / Нұрлан Әлинұр
Әлеуметтік желіден

Атырау облысы Қызылқоға ауданы Жангелдин ауылында ерлі-зайыптыларды өлтірді деген күдікке ілінген марқұмдардың күйеубаласы Сұлтан Сарсемалиев халықаралық іздеуде. 

Полиция оның әйелі, жәбірленуші отбасының қызы Ақбаян Мұқанғалиеваны да із-түзсіз жоғалу дерегі бойынша іздеп жатыр.

Халықаралық іздеудің бағыттарын айтуға болмайды. Себебі, күдіктілерге қандай да бір ақпарат жететін болса, тергеу барысына кедергі келуі мүмкін. Халықаралық іздестіру әлемнің барлық елінде жүргізілетінін қаперлеріңізге береміз, — деді Атырау облыстық ПД баспасөз хатшысы Мейірім Ердаулет.

Қылмыскерлерді ұстауға бағытталған топтар бар. Олар ұсталған жағдайда жәбірленушілердің туыстарына және БАҚ-қа хабарланады.

Жәбірленушілердің телефондары мен SIM карталарының Қазақстанның әр жерінде қосылғандығы туралы ақпарат бар. Полиция олар бойынша іздестіру жұмысын жүргізді. Халық арасында Мейрамгүл Қарабалинаның денесі табылғаны жөнінде ақпарат тарады. Септиктерден де, шұңқырлардан да табылды деген мәлімет болды. Мұның барлығы — жалған. Полиция қазіргі уақытта олардың қала аумағында соңғы бірнеше айда жүрген жерлерін тінтіп, іздеп жатыр, — деді Атырау облыстық ПД баспасөз хатшысы.

Полиция департаменті Мейрамгүл Қарабалинаның Атырау қаласының ішіндегі камераларға түсіп қалғанын растады. Алайда тергеу мүддесіне байланысты қай камераларға түскенін және қандай іс-әрекеттер болғанын жарияламады.

Әлеуметтік желіде ерлі-зайыптылардың тұншықтырған немесе денелеріне басқаша зақым келтірген деген сынды неше түрлі ақпарат тарады. Марқұмдардың денелерінде пышақ іздері бар. Шаншып тығу арқылы дене жарақаты болған. Полиция мүрделерді сот-медициналық сараптамасына өткізді, енді сарапшылардың нақты жауабы келу қажет. Олар жәбірленушілерге нақты қандай дене жарақаты салынды, өлімге қандай факторлар әсер еткенін, және қай уақытта өлтірілгені туралы қорытынды жасайды, — деді Мейірім Ердаулет.

ПД ресми өкілінің мәліметіне сүйенсек, бейнекамераларды қарау және ПД күштік құрылымдардың іс-әрекетінің нәтижесінде жәбірленушілердің шоттарындағы зейнетақының қай жерде кімнің шығарып алғаны анықталған.

Соңғы мәлімет бойынша, 6 қаңтардан бері Наурыз Мұқанғалиевтің телефоны өшірілуі. Бүгінде жәбірленушілердің телефондары мен SIM карталары іздестіріліп жатыр.