Абай облысында жоғалып кеткен 8 жастағы бала құдықтан табылды

Бүгін, 15:47 / Інжу Әлихан
Абай облысы ПД

Абай облысының Чекоман ауылында жоғалған 8 жастағы Райян табылды. Баланың жоғалғаны туралы хабар полицияға сол күні түскен, ол соңғы рет сағат 14:30 шамасында көрінген, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іздеу жұмыстарына жергілікті тұрғындар, полиция қызметкерлері және жергілікті атқарушы орган өкілдері тартылды.

Бейнебақылау камералары арқылы учаскелік полиция инспекторы Алмас Бесенбеков пен ауыл әкімі Данияр Айдарбаев баланың жүрген бағытын және орналасқан жерін анықтады.

Бала бірнеше сағат бойы құдықта болған. Алдын ала мәлімет бойынша, ол бетон плитаның бір бөлігі құлап, пайда болған ойық арқылы кездейсоқ түсіп кеткен.

Бала аман-есен құтқарылды, медициналық көмек қажет болмады. Баланың анасы іздеу жұмыстарына қатысқандарға алғыс білдірді.

Абай облысы Полиция департаменті тұрғындарды балалардың қауіпсіздігіне мұқият болуға және қауіпті учаскелер туралы дер кезінде хабарлауға шақырды.

Абай облысы Полиция департаменті тұрғындарға әсіресе қыс мезгілінде балаларға ерекше көңіл бөлу қажеттігін еске салып, қауіпті учаскелер мен ашық инженерлік құрылыстар туралы ақпаратты уақытында хабарлауды сұрайды.