Экономикалық зерттеулер институты Макроэкономикалық зерттеулер және болжамдар орталығының аға сарапшысы Жәңгір Науразбаев Мемлекет басшысының «Түркістан» газетіне берген сұхбатындағы 2025 жылдың макрокөрсеткіштеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Түркістан» газетіне берген сұхбатында: «Ішкі жалпы өнім 300 миллиард доллар межесіне жетіп, жан басына шаққанда 15 мың доллардан асты. Бұл – елімізбен қатар, бүкіл өңір үшін рекордтық көрсеткіш. Жалпы, ойдағыдай жұмыс істелді деуге болады. Бірақ, мен барлық мемлекеттік қызметшілерге тоқмейілсіп, масайрап отыруға мүлде болмайтынын үнемі айтамын. Шығыс халықтары «Тегіс жолдың өзінде тосқауыл бар» дейді. Біз тынымсыз еңбектеніп, тек алға ұмтылуымыз керек. Оның үстіне, түйіні тарқатылмаған түйткілдер аз емес. Бұл – ең алдымен, инфляция деңгейінің жоғары болуы. Соның салдарынан азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруға арналған еңбектің бәрі текке кетіп жатыр. Биыл Үкімет пен әкімдер мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық тұғырын нығайту үшін көп жұмыс істеуі керек», – деді.
2025 жылдың қаңтар – қараша айының қорытындысы бойынша экономиканың өсімі 6,4% болды. Бұл – 14 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. 2025 жылдың қаңтар – қарашасында келесі салалар қарқынды өсті: тасымалдау қызметтері – 20,3%; құрылыс – 14,7%; тау-кен өнеркәсібі – 9,7%; сауда-саттық – 8,8%; ауыл шаруашылығы – 6,1%; өңдеу өнеркәсібі – 5,9%. Осылайша нақты секторлар өскен. Сонымен қатар көлік, құрылыс, қайта өңдеу салалары көш бастап тұр, яғни экономика әртараптану арқылы өсіп жатыр. Халықаралық валюта қорының қазандағы болжамына сәйкес, Қазақстандағы 2025 жылғы номиналды ЖІӨ 319,77 млрд АҚШ доллар болды. Сонда ЖІӨ жан басына шаққанда 15,53 мың АҚШ долларына тең. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев инфляция деңгейінің тұрақты өсу мәселесін шешуді 2026 жылға қойылған негізгі макроэкономикалық міндет деп атады», – дейді Жәңгір Науразбаев.