"Телефоннан шаршаған ұрпақ": зумерлер саналы түрде офлайн өмірді таңдай бастады

12 қаңтар, 2026 / Ербұлан Қайрат
cурет: istockphoto.com

Телефонмен бірге өскен америкалықтар одан бірінші болып бас тартты. Жаңа зерттеу нәтижесіне сәйкес, Z буынының 63%-ы экран алдында өткізетін уақытын әдейі азайтып жүр. Салыстыру үшін айтсақ, бэби-бумерлер арасында мұндай шешімге келгендер – небәрі 29%, деп хабарлайды turkystan.kz nypost.com-ға сілтеме жасап.

Talker Research компаниясы ThriftBooks тапсырысымен жүргізген сауалнамаға 2 мың америкалық қатысқан. Нәтиже бір нәрсені анық көрсетті: жастар үшін «онлайн болу» барған сайын жайлылық емес, керісінше, психологиялық жүктеме көзіне айналып барады. Қатысушылар интернетті шамадан тыс қолдану мазасыздық (22%), күйзеліс (25%), ашушаңдық (18%) және өмірге қанағаттанбау сезімін (19%) тудыратынын айтқан.

Сауалнамаға қатысқандардың айтуынша, интернетте өткізілетін уақыттың шамамен 70%-ы шынайы байланыс емес, керісінше, жалғыздық сезімін күшейтеді. Осы себепті жастар саналы түрде «ажыратуды» таңдай бастаған.

Экранның орнына – қағаз бен тыныштық. Зерттеу көрсеткендей, америкалықтардың 84%-ы күнделікті өміріне әдейі аналог форматтағы әдеттерді енгізген. Ең танымал таңдаулардың қатарында блокнотқа жазу, қағаз кітап оқу, қағаз күнтізбе пайдалану, үстел ойындарын ойнау, жеке будильник қолдану бар. Сондай-ақ қағаз хат жазу, қолсағат тағу, винил немесе CD тыңдау, тіпті телефон камерасының орнына фотоаппарат қолдану да трендке айналып келеді.

Зерттеу авторларының айтуынша, бұл – технологиядан қашу емес, өз уақыты мен назарын қайта басқаруға деген талпыныс.

«Адамдар офлайн уақыттың құнын бұрынғыдан да жақсы түсіне бастады. Ең қуантатыны – олар бұл уақытты оқу сияқты пайдалы әдеттермен алмастырып жатыр», – дейді зерттеу өкілі Барбара Хаген.

Қысқасы, цифрлық дәуірдің балалары жаңа ережені өздері жазып жатыр: кейде ең прогрессивті шешім – телефонды өшіріп, шын өмірге қайта оралу.

Тэгтер:

телефон смартфон Офлайн зумерлер