Елімізде екі мыңнан астам адам бостандыққа шықты

11 қаңтар, 2026 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Конституцияның 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылық аяқталды, деп хабарлайды Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті.

Сотта 15 970 ұсыныс қаралып, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен 2 мыңнан астам адам босатылды. Олардың ішінде әйелдер мен кәмелетке толмағандар да бар.

"Пробация қызметі есебінде тұрған сотталғандарға қатысты материалдарды қарау нәтижесінде 2 888 адам жазадан босатылып, 7 600-ден астам сотталғанның жазалау мерзімі қысқартылды', - дейді комитет.

Рақымшылық кәмелетке толмағандар, балалары бар әйелдер, жүкті әйелдер, мүгедектер және қарт адамдарды қамтыды. Бұл заң пенитенциарлық жүйеге түсетін жүктемені азайтып, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге ықпал етті.

Босатылған барлық адамдар пробация қызметі тұрақты бақылауында болып, полицияның жеке есебіне қойылды.

"Бостандыққа шыққандар үшін қоғамға қайта бейімделу мен әлеуметтенуге бағытталған кешенді қолдау шаралары қарастырылған. Осы жұмыс аясында азаматтарға жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсету, сондай-ақ қызықтыратын мәселелер бойынша кеңес беру ұйымдастырылады", - делінген хабарламада.

Айта кетері, рақымшылық туралы заң сыбайлас жемқорлық, экстремистік немесе террористік сипаттағы қылмыстарды жасаған адамдарға, кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстар үшін сотталғандарға, азаптаулар жасағандарға және қылмысты қайталап жасаған рецидивистерге қолданылмайды.