«Әйелді жүксалғышта тасымалдаған»: полиция адам ұрлау дерегіне қатысты пікір білдірді

11 қаңтар, 2026 / Нұрлан Әлинұр
Видеодан скриншот

Жетісу облысы полиция департаментінің мәліметінше, 9 қаңтар күні "102" телефонына Toyota Camry көлігінің жүксалғышында әйел болғаны жөнінде хабар түскен. Алайда бұл ақпарат расталмады, деп хабарлайды ведомство.

"Келіп түскен хабарлама бойынша полиция қызметкерлері дереу шығып, тексеру жұмыстарын жүргізді. Ақпаратты нақтылау үшін Жедел басқару орталығының бейнебақылау операторлары да жұмылдырылды", - деп хабарлады ведомство.

Бейнекамера жазбаларынан жүргізушінің жол қозғалысы ережесін бұзғаны анықталды. Патрульдік полиция қызметкерлері көлікті тоқтатып, жүргізушіні полиция бөліміне жеткізді.

Тексеру барысында ер адамның орта дәрежелі мас күйде екені анықталды. Көліктің салоны мен жүксалғышынан өзге алам табылмаған.

"Әйелді жүксалғышта тасымалдаған немесе ұрлаған деген деректер расталмады", - деп нақтылады полиция.

Қосымша тексеру кезінде ерлі-зайыпты сөзге келіп қалып, әйел алдыңғы жолаушы орнынан өзі шыққан. Бұған оның берген түсініктемелері мен бейнебақылаудағы видеолар дәлел бола алады.

Жүргізушіге қатысты көлікті мас күйінде айдағаны үшін әкімшілік іс қозғалып, көлік айып тұрағына қойылды. Енді ол 7 жылға көлік айдау құқығынан айырылып, 15 күнге дейін әкімшілік қамауға алынуы мүмкін.