Көктайғақта құлап жарақат алған адам өтемақыны қалай талап ете алады

Бүгін, 00:14 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Қыс кезінде халық көктайғақтан кей көшелерде аяқ алып жүре алмай қалатыны жасырын емес. Құлап, аяқ-қолын сындырып алып та жатады. Ал мұндай жағдайға тап болған адамның өтемақы талап етуге құқығы бар. Бірақ та мұны көбісі біле бермейді.

Аумаққа кім жауапты екенін анықтап алыңыз

Өтемақы алу үшін не істеу керектігін Шығыс Қазақстан облысы Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінен біліп көрдік. 

- Ең әуелі оқиға болған аумақтың кімнің қарауында екенін анықтап алу керек. Яғни, мәселе адамның нақты қай жерде жарақат алғанына байланысты. Ол аумақты кім күтіп-ұстайды немесе кімнің меншігінде дегендей. Егер адам қала көшелерінде немесе тротуарда құлап жарақат алса, жауапкершілік сол аумаққа қызмет көрсететін ұйымға жүктеледі. Өскемен қаласында жаяу жүргіншілер жолдарын күтіп-ұстау «Таза Өскемен» кәсіпорнына жүктелген, - деп түсіндірді департамент басшысы Асхат Сағидолдин.

Бұл ұйым қарды уақтылы тазалауға, жолдарды көктайғаққа қарсы материалдармен себуге және тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге жауапты.

Ал егер жарақат тұрғын үй ауласында алынса, жауапкершілік сол аумаққа қызмет көрсететін ұйымға (ПИК, Мүлік иелерінің қауымдастығы және т.б.) жүктеледі. Олар ауланы, жаяу жүргіншілер жолдарын, баспалдақтар мен кіреберістерді күтіп-ұстауға міндетті.

Егер адам дүкеннің, сауда орталығының, дәріхананың немесе өзге де кәсіпкерлік нысанының кіреберісінде тайып құласа, жауапкершілік ғимараттың меншік иесіне немесе жалға алушысына тиесілі.

Кінәлілерді қалай жауапқа тартуға болады?

Өтемақы алу үшін жарақат алғаныңызды және оқиға орнын тіркеп алу маңызды. Сол жерге жедел жәрдем шақырыңыз. Дәрігерлер жарақаттың нақты қай жерде алынғанын тіркейді. 

Қосымша түрде оқиға орнын суретке түсіріп, куәгерлер болса, олардың байланыс деректерін жазып алып, диагноз бен емделгеніңізді растайтын барлық медициналық құжаттарды сақтап алыңыз.

- Өтемақы алу үшін жарақат алған аумаққа жауапты ұйымға немесе меншік иесіне жазбаша өтініш беруіңіз керек. Өтініште оқиғаның мән-жайы көрсетіліп, жарақаттың аумақтың тиісті деңгейде күтіп-ұсталмауы салдарынан алынғанын дәлелдейтін құжаттар қоса тіркелуі тиіс. Дәлел ретінде медициналық анықтамалар, фотосуреттер, дәрігердің қорытындылары ұсынылады, - дейді департамент басшысы. 

Егер ұйым өз жауапкершілігін мойындаса, мәселе сотқа дейінгі тәртіппен шешіліп, зардап шеккен адамға келтірілген зиян үшін өтемақы төленеді.

Ал егер бас тартса, онда сотқа жүгінуге тура келеді. Сот тәртібімен денсаулыққа келтірілген зиянды және моральдық шығынды өндіріп алуға болады.