Қазақстанның бірінші, әлемнің 11-ракеткасы Александр Бублик Гонконг ATP 250 турнирінің финалына шықты.
Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші жартылай финалда дүниежүзілік рейтингіде 64-орында тұрған америкалық Маркос Гиронға қарсы келді.
Бірінші партия америкалық спортшының еншісіне жазылды – 6:3. Екінші сетте бірден брейк жасаған Бублик сол басымдылығынан айырылған жоқ – 6:4. Үшінші, шешуші партияда да А.Бублик 2:0 есебімен алға кетті. Сосын тағы бір брейк жасап, есепті 5:2-ге жеткізді. Ақыры матчқа доп бергенде, мүлт кеткен жоқ – 6:2.
Бір сағат 42 минутқа созылған бәсекеде Бублик 8 эйспен бірге 3 брейк-пойнтты түгел пайдаланды. Гирон 5 эйс, 2 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.
Александр Бублик финалда әлемнің 7-ракеткасы, италиялық Лоренцо Музеттимен чемпиондық атақты сарапқа салады. Л.Музетти жартылай финалда әлемнің 16-ракеткасы, ресейлік Андрей Рублевтан айласын асырды – 6:7 (3:7), 7:5, 6:4.