ШҚО-да күшікті 5-қабаттан лақтырып жіберген ер адамды белгісіз біреулер соққыға жықты

10 қаңтар, 2026 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Желіде күшікті 5-қабаттан лақтырып жіберген өскемендік тұрғын соққыға жығылғаны туралы ақпарат тарады. Полиция өкілдері аталған жайтқа пікір білдірді, деп хабарлайды ШҚО ПД-ға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Жуырда Өскемен тұрғыны лабрадор тұқымды күшікті бесінші қабаттан лақтырып жібергенін жазған болатынбыз. Өкінішке қарай, күшік өліп қалған. Ер адам күшік пәтерді бүлдіргені үшін лақтырып жібергені анықталған.

Ал бүгін Halyqstan Telegram-арнасында қатыгездік жасаған ер адамды біреулер соққыға жыққаны туралы ақпарат жарияланды.

NUR.KZ тілшісі ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметіне пікір сұрап хабарласты. Ондағылар денсаулыққа зақым келтіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын растады.

"Құқықбұзушылыққа қатысы бар тұлғалар анықталды. Қазіргі таңда заңнамада қарастырылған тергеу амалдары жасалып жатыр. Сот сараптамалары тағайындалды, олардың нәтижелері бойынша болған оқиғаға құқықтық баға беріліп, процессуалдық шешім шығарылды", - деп түсіндірді полициядағылар.