Өткен жылдың соңында Петропавлда ірі агроөнеркәсіптік инвестициялық жоба – толық циклды саңырауқұлақ фермасы ашылған болатын. Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Еркебұлан Мәмбетов пен Дмитрий Колода жаңа өндірістегі еңбек жағдайларымен және нысанның өнеркәсіптік әлеуетімен танысты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Былтыр 20 желтоқсанда іске қосылған «Eco Glade» ЖШС кәсіпорны жылына 2 400 тоннаға дейін agaricus тектес саңырауқұлақ пен 4 000 тонна компост, яғни шымтезек өндіруге бағдарланған. Кәсіпорын 65 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Депутаттар бұл кәсіпорын өңірдің қайта өңдеу секторын дамытуға және азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға септігін тигізетінін атап өтті. Жоба арнайы экономикалық аймақтың жеңілдіктерін пайдалана отырып іске асырылуда, бұл өндірісті жеделдетіп іске қосуға және инвестициялық шығындарды азайтуға мүмкіндік берді.
– Мұндай жобалар мемлекеттің қолдауымен Бизнестің мультипликативті әсер бере алатындығын айқын көрсетіп отыр. Бұл жердегі нақты нәтиже – қомақты инвестиция, заманауи технология, жаңа жұмыс орындары, өңірдің өнеркәсіптік инфрақұрылымын дамыту. Отандық бизнесті қолдау мен қайта өңдеуге инвестиция тартудың арқасында Мемлекет басшысы айтқан тұрақты экономика қалыптасып келеді, – деді Дмитрий Колода.
Депутаттың айтуынша, мұндай өндірістерді іске қосу Солтүстік Қазақстан облысының қосылған құны жоғары жобаларды іске асыру алаңы ретіндегі әлеуетін көрсетеді.
Сондай-ақ, мәжілісмендер кәсіпорын қызметкерлеріне өңірлердің дербестігін күшейтуге бағытталған жаңа Бюджет және Салық кодекстері шеңберіндегі заңнамалық нормалар туралы айтып берді.
Еске сала кетейік, 5-13 қаңтар аралығында Мәжілістегі «AMANAT», Ауыл, Ақ жол, ЖСДП, ҚХП және Respublica саяси партияларының парламенттік фракцияларының депутаттары өңірлерді жұмыс сапарымен аралап жүр. Депутаттар сайлаушыларды қабылданған заңдар туралы хабардар етеді, оларды жергілікті жерлерде іске асыру практикасын зерделейді және азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелер мен проблемаларды тыңдайды.