Жамбылда мақсатсыз пайдаланылған 12 млн теңге грант ақшасы өндірілді

9 қаңтар, 2026 / Алуа Арман
istockphoto.com

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты грант сомасын қайтару және тұрақсыздық айыбын өндіріп алу туралы істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Талап қоюшы – «Ц» КЕАҚ. Жауапкер – «А» заңды тұлғалар бірлестігі. Сот 2023 жылы тараптар арасында «Медиация саласын дамыту» бағыты шеңберінде мемлекеттік грант беру туралы шарт жасалған. Жобаның жалпы сомасы 64 млн теңгені құраған. 2024 жылы жауапкерге 12 млн теңге аударылған.

Жобаны іске асыру мониторингінің нәтижелері бойынша растайтын құжаттар тек 3,4 млн теңге сомасына ұсынылды. Сонымен қатар, жауапкер есеп беру мерзімдерін бірнеше рет бұзып, анықталған ескертулерді жоймады және жоспарланған іс-шаралардың орындалуын растамады.

Осыған байланысты талап қоюшы пайдаланылмаған қаражатты қайтару және тұрақсыздық айыбын өндіріп алу туралы талап қоюмен сотқа жүгінді. Жауапкер өз кезегінде орындалған жұмыстардың актілерін жарамды деп тану туралы қарсы талап қойды.

Сот жауапкер тарапынан шарттың талаптары орындалмады деген қорытындыға келді, ал растайтын құжаттардың болмауы гранттық қаражаттың бір бөлігінің мақсатсыз пайдаланылғанын дәлелдейді. Сондай-ақ, сот талап қоюшының орындалған жұмыстар актілеріне қол қоюдан бас тартуын негізді деп тапты, өйткені анықталған кемшіліктер жойылмаған.

Сот шешімімен «А» заңды тұлғалар бірлестігінен грант бойынша берешек сомасы – 8,6 млн теңге, тұрақсыздық айыбы – 3,1 млн теңге және мемлекеттік баж өндірілді.

Сот орындалған жұмыстардың актілерін жарамды деп тану туралы қарсы талап қоюды қанағаттандырудан бас тартты.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Тэгтер:

Грант Жамбыл