Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қайырымдылық қаражатын заңсыз жинау фактісі бойынша қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ерлі-зайыптылар 2019 жылы дүниеге келген, туғаннан кейін ауыр диагноз қойылған ұлдарының еміне 2020-2024 жылдары жүйелі түрде ақша жинаған. Халықтан қаражат жинау үшін әлеуметтік желілерде жарнама беріп, таргет жіберген.
Нәтижесінде ерлі-зайыптылардың шотына шамамен 2,2 млрд теңге қаражат түскен, оның ішінде 1,4 млрд теңге қайырымдылық қаражат ретінде алынған.
Жиналған қаражаттың елеулі бөлігі баланы емдеуге емес, жұбайлардың жеке қажеттіліктеріне жұмсалған.
Атап айтқанда:
1. Жылжымайтын және жылжымалы мүлік сатып алу:
- жалпы құны 47 млн теңге болатын екі пәтер;
- жалпы құны 8 млн теңге болатын жер учаскелері;
- «LEXUS RX 300» маркалы автокөлік – 28 млн теңге;
- «Hyundai Santa Fe» маркалы автокөлік – 8,2 млн теңге;
- «Toyota Camry 75» маркалы автокөлік – 15 млн теңге;
- «Toyota Land Cruiser Prado 150» маркалы автокөлік (сомасы анықталмаған).
2.Брендтік тауарлар сатып алу және құмар ойындарға қатысу – 9,7 млн теңге.
3.«Facebook Ads» жарнама платформасының қызметтеріне ақы төлеу – 481 млн теңге.
4.Қарыз міндеттемелерін өтеу – 349,5 млн теңге.
Баланың еміне бар болғаны 6,4 млн теңге ғана жұмсалған.
Сонымен қатар баланың анасының әрекеттерінде ҚР ҚК-нің 218-бабы 2-бөлігінің 1-тармағында көзделген қылмыстық жолмен алынған ақша қаражаттарын заңдастыру (жылыстату) белгілері бар екені анықталған.
Сондай-ақ депозиттік шоттарда орналастырылған қаражаттардан пайыз түрінде табыс алынғаны анықталды.
Келіншек кінәсін мойындамай, алынған қаражат баланы емдеуге және пайыздарымен бірге қарыз міндеттемелерін өтеуге жұмсалғанын көрсетті.
Күйеуі де кінәсін мойындамай, ақша жинау фактісінен хабарсыз болғанын түсіндірді.
Сот жеңілдететін мән-жай ретінде сотталғанның кәмелетке толмаған балаларының болуын таныды.
Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сот үкімімен ерлі-зайыптылар ҚР ҚК-нің 218-бабы 2-бөлігінің 2-тармағы және 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, жазаларды ішінара қосу жолымен 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ 10 жыл мерзімге қайырымдылық қаражатын жинауға байланысты қайырымдылық қызметімен айналысу құқығынан айырылып, мүліктері тәркіленді. Олар жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.
Қарауында кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты келіншекің жазасын өтеу мерзімі 2 жылға кейінге қалдырылды.