Жапонияда теміржол стансасының бастығы қызметіне мысық тағайындалды

9 қаңтар, 2026 / Ербұлан Қайрат
cурет: Kyodo

Жапонияның Вакаяма префектурасындағы Киши теміржол станциясының жаңа бастығы болып мысық тағайындалды. Йонтама ресми түрде станция бастығы атанып, жолаушыларды қарсы алу, фотосуретке түсу және станция аумағын «аралау» міндетін өз мойнына алды. Бұл – жапон аймақтық теміржолдары үшін жай ғана қызық дәстүр емес, экономикалық тұрғыдан өзін ақтаған модель, деп хабарлайды turkystan.kz.

Киши станциясының мысық-бастық тарихы 2007 жылы басталған. Сол жылы Tama есімді мысық станция бастығы болып тағайындалып, қаржылық қиындыққа тап болған Кишигава желісін күтпеген жерден туристік орталыққа айналдырды. Мысықтың арқасында бұл шағын ауылдық станция ел ішінен ғана емес, шетелден де келетін қонақтарды тарта бастады. Нәтижесінде теміржол желісі банкроттан аман қалды.

Йонтама – осы дәстүрдің үшінші өкілі. Оның алдындағы басшы, тағы бір үш түсті мысық Нитама, былтыр қарашада өмірден өтіп, құрметті станция бастығы атағына ие болды. Ал жаңа «кадр резерві» де дайындалып жатыр: салтанатты рәсім барысында теміржол компаниясы Рокутама есімді мысық-шәкіртті де таныстырды. Иә, Киши станциясында мысықтар тек символ емес, олар арнайы «дайындықтан» өтеді.

Салтанат кезінде Wakayama Electric Railway компаниясының президенті Мицунобу Кодзима Йонтаманың мойнына станция бастығы атағы жазылған медаль тағып, жиналған жұрттың қошеметіне бөленді. Көптен бері осы желінің жанкүйері болып келген Осака тұрғыны Тисака Асано мысық-бастықтар Кишигава желісіне «қамқорлық жасауды жалғастырады» деп үміттенетінін айтты.

Бұл тәжірибе бір ғана станциямен шектелмей, бүкіл елге үлгі болды. Кейінгі жылдары Жапонияның өзге де қаржылық қиындықтағы аймақтық теміржолдары станция басшысы ретінде мысық, ит, қоян секілді жануарларды тағайындай бастады. Бұл – маркетинг пен эмоцияны ұштастырған, шығыны аз, әсері жоғары тәсіл.

Йонтаманың тағайындалуы символдық қадам ғана емес. Теміржол компаниясы басшылығының айтуынша, жергілікті желілер түбегейлі өзгерістер кезеңінде тұр. Ал осы өзгерістерге кейде жаңа технология емес, қарапайым әрі жылы эмоция жеткілікті. Кейде теміржолды құтқару үшін бір мысықтың өзі жеткілікті болып шығады.

Тэгтер:

мысық теміржол