Жетісу облысында аңшылық және қару айналымы саласындағы өрескел заңбұзушылықтар анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сарқан ауданында табиғат қорғау полициясы мен Жетісу облысы полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасы қызметкерлерінің бірлескен рейді кезінде заңсыз аңшылық фактісі тіркелді. Сонымен қатар 38 жастағы жергілікті тұрғын өзіне тиесілі аңшылық тегіс ұңғылы қаруды танысына аң аулау үшін бергені анықталды. Қаруды үшінші тұлғаға беру - қоғамдық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіретін, заңмен қатаң тыйым салынған әрекет.
Ал Ақсу ауданында полиция қызметкерлері аңшылықпен айналысқан азаматты ұстады. Тексеру барысында оның заңсыз сақталған 12 калибрлі бір ауызды ИЖ-18Е мылтығы анықталып, заттай айғақ ретінде тәркіленді.
Аталған фактілер бойынша кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылды.
Полиция ескертеді: заңсыз аңшылық, қаруды заңсыз сақтау және беру - тек құқық бұзушылық қана емес, адам өмірі мен қоғамдық қауіпсіздікке нақты қауіп. Аймақта профилактикалық рейдтер жалғасуда.